Қазақстанда жаратылыстану-математика пәндері бойынша білім беру көрсеткіші едәуір артты. TIMSS халықаралық қауымдастығы жүргізген зерттеу нәтижесінде еліміз 12-орынға жайғасты. Беделді ұйым сауалнаманы  орта білім беретін 179 мектеп арасында өткізген. Оған барлығы он мыңға жуық бала қатысты. Айта кетейік, мұндай зерттеу 4 жылда бір рет 60 ел арасында жүргізіледі. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Канада сынды дамыған елдерді артта қалдырған. 

 

Серік ЫРСАЛИЕВ, "АҚПАРАТТЫҚ ТАЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ" АҚ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз TIMSS халықаралық қауымдастығы зерттеуінің нәтижелерін тек мақтан тұтып қана қоймаймыз. Бұл көрсеткіштер бізді білім беру саласын әрі қарай жетілдіруге итермелейді. Сауалнама қорытындылары бойынша қазақстандық оқушылардың осал тұсын анықтап алдық. Енді осы олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыс жасаймыз.

 

Жалпы, биыл қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда 1 мың 236 жүлде иеленген. Оның 195-і – алтын. Жақында қазақстандық өрендер Дубайда менталдық арифметикадан өткен дүниежүзілік жарыстан 12 алтынмен оралды.

 

Ілияс ТОҚТАРХАН, ОҚУШЫ:

Берілген есептерді шығару мен үшін аса қиын болған жоқ. Төрт құрамды сандарды қосып-алу, көбейтіп-бөлу, квадрат түбірін шығару мен үшін оңай.

 

Қазақстандық оқушылар ғылыми жобалар байқауларында да жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Мысалы, елордадағы Назарбаев зияткерлік мектебі шәкірттерінің жобасы республикалық жарыста бас жүлдені иемденді. Жас ғалымдар Алдияр Жанғұлов пен Сұлтан Насыров тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге арналған қондырғының шағын үлгісін ұсынып отыр. Бұл әмбебап өнертабыстың баламалы түрлерінен ерекшелігі - ол пайдаланылған органикалық заттардан тыңайтқыштар алуға  қауқарлы. Оқушылар оның жер емген шаруаларға таптырмас көмек болатынын айтады.

 

Алдияр ЖАНҒҰЛОВ, ЖОБА АВТОРЫ:

Мұндай қондырғылар АҚШ пен біздің елде бар. Бірақ біршамасы экономикалық тұрғыда тиімсіз болғандықтан, жабылып қалды. Өйткені олар тек шыныны өңдейді. Ал біз органикалық қалдықтарды терең өңдеу арқылы тыңайтқыштар аламыз. Бұл дайын өнім құны әлдеқайда жоғары. Сондықтан бар шығынды артығымен ақтайды. Астықты өлкелердің нарығында сұранысқа ие болатыны сөзсіз.

 

Қазір республика бойынша дарынды балаларға арналған 124 мамандандырылған білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Осының барлығы өресі биік өрендердің таным көкжиегін кеңейтіп, халықаралық, құрлықтық, тіпті, әлемдік деңгейдегі білім додаларында топ жаруға мүмкіндік берді, дейді сала мамандары. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер