Білім және ғылым саласындағы тың тәсілдер. Астанада заманауи білім үрдісіне арналған көрме өтті. Дәстүрлі халықаралық жиынға 12 елдің өкілдері қатысты. Олар білім беру технологиялары және жаңа бағдарламалар саласындағы жетістіктерімен бөлісіп отыр. Көрме осымен он төртінші рет ұйымдастырылуда. Бірақ әлі де қазақстандықтардың оған деген қызығушылығы басылар емес. Көрме студенттермен қатар, өз біліктіліктерін арттыруға ниетті оқытушыларға да арналып отыр. Бастысы, мұнда әр жоғары оқу орнының өкілімен тікелей жолығып, мазалаған сауалдарға жауап алуға жағдай жасалған.

 

Юлия ЛЫСИК, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖӨНІНДЕГІ МАМАН /ПОЛЬША/:

Жыл сайын Польшаға келетін шетелдік студенттердің, оның ішінде қазақстандықтардың саны артуда. Өйткені Польшада бәсекеге қабілетті  еуропалық  диплом алу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, оқу ақысы батыс Еуропа елдерінің жоғары оқу орындарымен салыстырғанда әлдеқайда тиімді.

 

Қазақстандық жоғары оқу орындары да өз бағдарламасына заман талабына сай жаңашылдықтар енгізуде. Мәселен, Қазақ технология және бизнес университеті сынақ тапсыру әдістемесін өзгертуді жоспарлап отыр. 

 

Серік ТҮМЕНОВ, ҚАЗАҚ ТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ БИЗНЕС УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

Тестілеу, емтихан электронды түрде өтетін шығар. Соған өзіміз материалдық  базаны дайындаймыз. Біз өндіріспен байланысты күшейтіп жатырмыз. Өйткені әр студент жұмысқа орналасып, өз орнын табуы керек.

 

Көрме аясында мектеп оқушылары тегін тестілеуден өтті. Емтихан аяқталған соң қатысушыға сынақ нәтижелері көрсетілген анықтама табысталды. Сондай-ақ, шарада түрлі семинарлар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер