Қазақстан баламалы қуат көздеріне көшуге ден қойды. 2013 жылы елімізде «жасыл экономикаға» өту туралы тұжырымдама қабылданды. Дамудың «жасыл жолына» негізделген тиімді экономика құру жолдары  «Қазақстан-2050» стратегиясында да айқындалған. Ресурстарды оңтайлы пайдаланудың тың тәсілдері экономиканың барлық салаларында енгізілуде. Соның негізгісі – энергетика. Еліміздегі ең алғашқы жел электр станциясы Ақмола облысының Ерейментау ауданында іске қосылды. 1 жылда ол 193 миллион киловатт энергия өндірген.

 

Ерлан ЖАҚЫПОВ, БАС ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің осы жоба жылына 172 млн киловатт электр энергиясын өндіру керек. Біз қазан айынан 14 айдың ішінде 193 млн киловатт электр қуатын өндірдік. 100 пайыз қуатында істеп тұр. 

 

Сарыарқаның төсінде соққан желдің екпіні орташа есеппен секундына 20 метрге жуықтайды. Мұнда тұрған 22 қондырғы күн сайын 50 мың тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз ете алады.

 

Арман ҚАШҚЫНБЕКОВ, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢАРТЫЛҒАН ЭНЕРГЕТИКАСЫ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазақстанда қазір жаңартылған қуат көзін өндіретін екі станса бар. Соның бірі - осы Ерейментау ауданындағы жел электр стансасы. Келер жылы біздің елде дүниежүзілік ЕХРО көрмесі өтеді. Сондықтан осы жобаның маңызы зор.

 

50 гектардан асатын аумақта орналасқан қондырғылардың саны алдағы уақытта көбейе түспек. Осылайша, Ерейментау аймағын желден қуат алатын алып өндіріс орнына айналдыру жоспары бар. 

 

Алматы облысы болса, жел энергетикасымен қатар, су мен күннің қуатын пайдалануға кіріскен. Арнайы бағдарламаның шеңберінде мұнда соңғы 7 жылда тасып аққан тау өзендерінің бойынан 8 кіші ГЭС салынды. Солардың бірі – «Басқан» су электр станциясы. Сарқан ауданында орналасқан нысанның қуаттылығы - 4,2 мегаВатт.

 

Қайнар МҰСТАФИНОВ, МЕРДІГЕР:

Алдағы уақытта осы жерден 6 шағын станса саламыз. Сол арқылы ауданды электр қуатымен қамтамасыз етіп, жасыл экономикаға қадам басамыз.

 

Амандық БАТАЛОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Ең бірінші, мен айттым, қазір Талдықорғанда ТЭО-ға қаржы бөліп, біз үлкен жылу электр орталығын салайын деп жатырмыз. Оның қуаты 450-500 МВт болады. Ол электр қуатынан басқа ыстық су және жылу береді қалаға.

 

Баламалы қуат көздерін пайдаланудың басқа бағыттарын дамыту мәселелері де қарастырылған. Облыста бір күн электр станциясы салынып, іске қосылды. Жақында желден қуат өндіретін үш нысанның құрылысы басталады. Шелек дәлізі мен Жоңғар қақпасы ауданында жел станциясын салуға қаржы құймақ инвесторлар да бар. Жалпы, Алматы облысында алдағы 15 жылдың ішінде «жасыл энергетика» саласында 50 жоба жүзеге асырылады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер