Соңғы 11 жылда Қазақстан экономикасына шетелден тартылған тікелей инвестицияның жалпы көлемі 230 млрд доллардан асқан. Осының арқасында  елдің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту мүмкін болды. Астанада бас қосқан халықаралық сарапшылар бүгінде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері кеңейе түскенін айтты. Еуропалық қайта құру және даму банкінің мамандары 2017 жылы еліміздегі ішкі жалпы өнім өсімінің көрсеткіші 2,4% шамасында болады деп отыр.

 

Джанет ХЕКМАН, ЕҚДБ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨКІЛДІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

Өзге халықаралық ұйымдар мен компанияларға қарағанда, біз Қазақстанды  әлдеқайда жақсы білеміз. Өйткені банкіміз Қазақстанның барлық аймақтарында экономиканың түрлі салалары бойынша жұмыс істейді.  «Нұрлы жол» және Еуразиялық Экономикалық Одақ пен Дүниежүзілік Сауда Ұйымы аясында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық-инвестициялық бағдарламалар Қазақстанның даму мүмкіндіктерін арттырып отыр.

 

Жиын аясында индустриялық-инновациялық жобалар көрмесі өтті. Шетелдік меймандарға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 70 компания өз идеяларын ұсынды. Қазақстандықтардың идеяларына бірқатар инвесторлар қызығушылық танытты. Жиын барысында Инвестициялар және даму министрлігі елдің индустрияландыру бағытындағы жұмысына сүбелі үлес қосқан 10 инвесторды атап өтті.

 

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап экономикалық өсімді арттыруға кірісті. Бұл тұста шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасауды ұмытпадық. Осының нәтижесінде елімізге бағытталатын инвестиция көлемі артуда.

 

Хуан ХУАНИКОТЕНА, ИНВЕСТОР:

Осыдан екі жыл бұрын біз Қазақстан экономикасына 40 млн доллардан астам инвестиция салдық. Ол жобамыз Маңғыстау облысында жүзеге асты. Біз мұнай құбырларын шығарумен айналысамыз. Қазір ол жерде 40 жергілікті тұрғын еңбек етіп жатыр. Ал толық өндірістік қуатқа көшкен кезде тағы 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтимыз.

 

Елімізге инвесторлардың көптеп келуіне тағы бір себеп туып отыр.  2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 55 елдің азаматы Қазақстанға визасыз келе алмақ. Олар ел аумағында рұқсат құжатынсыз 30 күн бойы жүретін болады. Сондай-ақ, шетелдік кәсіпкерлерді елге тарту үшін бірқатар заңнамаларға тиісті өзгертулер енгізіліп отыр. Осының арқасында елдің инвестициялық әлеуеті одан әрі артады деп күтілуде.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер