Астанада «Біздің Президент. Көшбасшылық феномені» тақырыбында кітап көрмесі ашылды. Сөрелерге қойылған 200-ден астам еңбекте елбасының өмірі көрініс тапқан. Танымдық экспозиция «Өмірбаян және отбасы», «Мемлекеттік рәміздер», «Атақ дәрежесі және марапаттары», «Халықаралық форумдар», «Елі таңдаған Елбасы» бөлімдерін қамтып отыр. Оның бірі өзі қалам тербеген жеке кітаптарына арналды.

 

Дариға ДӘУРЕНБЕКОВА, ҚР ҰАК МҰРАЖАЙЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Елбасының жеке еңбектерінің ішіндегі «Қазақстан жолы» кітабы 27 тілге аударылған. Бұл туынды біздің көрмеге арнайы бөлім болып қойылды. Қазақстанның дамуы - өзгелерге үлгі. Кітапта еліміздің жетістіктері тізілген.  Сондықтан «Қазақстан жолы» әлем мемлекеттері оқитын туындыға айналды.

 

Көрме қонақтары әсем Астананың бой түзеуін баяндайтын тың туындыларды да тамашалай алды. Бас қаланың іргесін қалауда Президенттің қосқан үлесін жазушылар қаумы ерекше бағалайды.

 

Сәдібек ТҮГЕЛ, ЖАЗУШЫ:

Қарт Алатаудың баурайынан қазақтың кең жазира даласы Сарыарқаның нақ төсіне Астананың қоныс аударуы -  қазақтың тарихындағы мың жылда бір болатын ұлы оқиға. Жаңа елорда идеясының авторы, өзі таңдап, өзі іргетасын қалап салған елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Бұл - тәуелсіздігіміздің жеңісі.

 

Ал Ұлттық мұражай алаңында Тұңғыш Президент күніне орай  Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи суреттері ұсынылды. «Елді өзгерткен тұлға» атты фотокөрмеге мемлекет басшысының өмірінен алынған сәттер бейнеленген 30 мұрағаттық еңбек қойылған.  Туындылар 1990-2016 жылдар аралығын қамтиды. Келушілер ұлт көшбасшысын ресми және бейресми ортада, әріптестері мен отбасы мүшелерінің арасында көрсететін фотосуреттерді тамашалай алады.

 

Ольга КОВАЛЕНКО,  SPUTNIK ҚАЗАҚСТАН АҚПАРАТТЫҚ АГЕНТТІГІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ:   

Елбасының фотобейнелері өте көп. Біз арасынан көпшілікке аса қызықты дегендерін іріктеп алдық. Көрмеге өмір жолын тізбектейтін суреттері қойылды.  Бұл - Ресей фотосуретшілерінің жасаған еңбектері. Сондықтан біршамасы қазақстандықтардың назарына алғаш рет ұсынылып отыр.

 

Ұйымдастырушылар фотокөрме қонақтардың қызығушылығын тудыратынына сенімді. Себебі бұл суреттер әр отандасымыздың жарқын болашағына жол ашқан тәуелсіз Қазақстанның тарихи кезеңдерімен тығыз байланысты.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер