Қазақстан делегациясы Ашхабадта өткен Жаһандық көлік форумына қатысты. Ауқымды шарада әлемнің белді саясаткерлері бас қосып, көлік саласының болашағына қатысты мәселелерді талқылады. Әсіресе құрлықпен тауар тасымалдау жағдайы қызу пікір туғызды. Жаһандық конференцияны қабылдаған Түркменстан Қазақстан үшін бауырлас ел ғана емес, экономикалық және стратегиялық маңызды әріптес болып табылады. Екі ел арасында көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық артуда. Мәселен, бізді Иранмен жалғайтын Солтүстік-Оңтүстік теміржол дәлізі арқылы болашақта Ресей, Қытай, Парсы шығанағы елдеріне тауар тасымалдауға болады. Ең бастысы - қауіпсіз, ыңғайлы және экологиялық тұрғыдан тиімді.

 

Пан ГИ МУН, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫ:

Мен жаңашылдыққа бет бұруға шақырамын. Бүгінде жылыжай газын азайтуға сеп боларлық заманауи технологиялар жетерлік. Тек ластанған ауадан жылына үш млн-ға жуық адам көз жұмады.

 

БҰҰ бас хатшысының пікірінше, адамзаттың ғаламдық проблемасын шешу үшін инвестиция қажет. Бұл мәселе әлемдік мұхитқа шыға алмайтын елдер үшін аса өзекті. Қазақстан - сондай мемлекеттердің бірі. Дегенмен, көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаржы салуда. Соңғы 6 жылда бұл салаға 23 млрд доллар инвестиция салынған.

 

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазақстан соңғы жылдары 2500 шақырым жаңа темір жол желісін салды. Бұл солтүстік-оңтүстік, шығыс-батыс бағыттарындағы халықаралық көлік дәліздерін оңтайландыруға жол ашады.

 

Көлік дәліздерінің әрқайсысы Қазақстанмен қатар, өзге елдер үшін де аса маңызды. Мәселен, Қытайға теңіз жолымен емес, қазақ жері арқылы Еуропаға тауар жөнелту тиімдірек. Сарапшылар Солтүстік-Оңтүстік бағытынан да осындай нәтиже күтеді.

 

Диас ЫСҚАҚОВ, «KTZ EXPRESS» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:  

Қазір тасымалдау пилоттық режимде жүргізіледі. Келесі жылдан бастап Қытай, Иран, Ресейден бізге жөнелтілетін контейнерлер 20 мыңнан 680 мыңға артады.

 

Жаһандық көлік форумы шеңберінде жаңа теміржол дәлізінің тұсауы кесілді. Бұл магистраль түркмендер үшін Ауғанстан, Пәкістан, Тәжікстан нарықтарына жол ашпақ. Жаңа дәліз Қазақстан үшін де тиімді.

 

Диас ЫСҚАҚОВ, «KTZ EXPRESS» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Қазақстан Түркменстанның әріптесі ретінде бұл жолдың мүмкіндіктерін пайдалана алады.

 

Көлік – дамудың қозғаушы күші. Бүгінде транзиттік әлеуеті зор Қазақстан Орталық Азия елдерінің логистикалық инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер