Еуразия ұлттық университеті мен Кембридж университетінің Кавендиш зертханасы арасында кванттық материалдар орталығын құру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Маңызды құжат еліміздің ғылыми әлеуетін арттырып, екі ел ғалымдарының физика саласында бірлескен ғылыми жобалар жасауына, сонымен қатар, жаңа стратегиялық бағытты анықтауға да септігін тигізеді. Кембридж университетінің физика департаментіне қарасты Кавендиш зертханасының негізі 140 жыл бұрын қаланған. Бұл орталық студенттер тек оқу оқып қана қоймай, зерттеулер де жүргізе алатын әлемдегі ең озық білім ордасы саналады. 29 түлегі бүгінде Нобель сыйлығының иегері атанған.

 

ЕРЛАН СЫДЫҚОВ, Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ РЕКТОРЫ:

Бұл жобалардың басты мақсаты – жасыл экономика, сонымен қатар, жаңа материалдарды табу, олардың күшін арттыру. Осылайша, Қазақстанда Менделеев таблицасының 98% шығатын болса, оның әзірге көпшілігі шикізат ретінде ғана сатылып отыр. Ал енді оған тағы да қосымша ғылыми әлеуетті қоса отырып, ол материалдардың, ол шикізаттың құнын әлдеқайда арттырып, әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік бар. Міне, осы тұрғыда келісімшартқа қол қойылды.

 

СИДХАРД САКСЕНА, КЕМБРИДЖ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

Соңғы 10 жылда Қазақстанмен тығыз байланыс орнатып келеміз. Елдеріңіздің интеллектуалдық әлеуеті бізді таң қалдырады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Кембридж университетіне 2012 жылы келген кезде біз қалпына келетін жасыл экономика бағытында біріккен зерттеу жұмыстарын қалай жүргізуге болатындығы туралы ойлана бастадық. Бүгінгі меморандум сол кездесудің заңды жалғасы деуге болады және Еуразия университетінің белсенділік танытып жатқандығы қуантады.

 

Жаңа жоба аясында тек зерттеу ғана емес, ғалымдардың жаңа буынын даярлау жұмыстары жүргізіледі.

 

ПИТЕР НОЛАН, КЕМБРИДЖ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

Менің бұл бастамалардың болашағы зор екендігіне және Ұлы Жібек жолында орналасқан Қазақстанның дамуына ерекше үлес қосатындығына сенімім зор. Жібек жолының тарихы тереңде жатыр, бірақ ол қазір жаңа және маңызды бағытта дамып келеді. Біздің оқу орны – көп салалы университет. Біз өнер, әлеуметтік ғылым, әсіресе қолданбалы және іргелі ғылымда мықтымыз және бұл жобаға қатысуға ықыласымыз ерекше.

 

ШОҚАН ЛАУМУЛИН, КЕМБРИДЖ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЗЕРТТЕУШІСІ:

Бұл – ТМД-дағы жоғары оқу орнының Кемриджбен қол қойған осындай алғашқы келісім. Бұған дейін Кембридж АҚШ пен Еуропаның оқу орындарымен, Бейжің және Сингапур университеттерімен осындай келісімдер жасасқан. Бұл әріптестік қазақстандық ғылымды жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймын.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер