Голландиялықтар Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жоғары бағалайды. Бұл туралы Гаагада өткен Казақстан-Голландия бизнес форумында айтылды. Кездесуде қос елдің кәсіпкерлері екіжақты әріптестікті одан әрі дамытуға уағдаласты. 25 жыл бұрын басталған Қазақстан мен Голландия арасындағы әріптестік екі елді бір-біріне сенімді экономикалық серіктес еткен. Осы уақыт аралағында Нидерланд еліміздің экономикасына 60 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Екі мемлекеттің бір жылдық тауар айналымы 5 миллиард долларды құрайды. Бүгінде Қазақстанда голландиялық 800 кәсіпорын жұмыс істейді.

 

Мағжан ІЛИЯСОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ НИДЕРЛАНД КОРОЛЬДІГІНДЕГІ ЕЛШІСІ:

Мақсат - Нидерланд іскер топ өкілдерін Қазақстанның ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, жаңа технологиялар саласын дамытуға тарту. Біз Голландия кәсіпкерлерінің Қазақстанда қалып, бірлескен кәсіпорындар құрып, жергілікті мамандарды үйретіп, шығарған өнімдерін ел аумағында ғана емес, Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерінде және Қытайға сата алатынына сенімді болғанын қалаймыз.  Сондықтан голландиялық компанияларды Қазақстан үкіметі ұсынған мүмкіндіктерді мұқият қарап шығуға шақырамыз.

 

Шон РУНИ, «ROYAL DUTCH SHELL» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы жылдар ішінде Қазақстанның инвестициялық ахуалына көңіліміз толады. Енді бұл елмен әріптестігімізді одан әрі дамытып, Қашаған мен Қарашығанақтағы істерімізді кеңейту жағын қарастырудамыз. Биылғы жыл біз үшін өте ерекше болды. Қашағандағы өндірісімізді іске қостық. Бұл өндіріс мемлекетке бірнеше жыл бойы үлкен көлемде мұнай-газ жеткізуге қауқарлы.

 

Форумға қос тараптан 50 компанияның 100-ге жуық өкілі қатысты. Олар ауыл шаруашылық өнімдері, энергетика, химия, жеңіл өнеркәсіп, инфрақұрылым және тасымал саласында жұмыс істейді. Голландиялық іскерлерге елімізде инвесторларға көмек көрсететін омбудсмен институты және 10 арнайы экономикалық аймақтың жұмысы  таныстырылды.

 

Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРЛІГІНІҢ КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫ:

Қазақстанның басым салаларының бірі - ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібін қолға алып отырмыз. Өйткені айналамызда үлкен нарықтар ашылып жатыр. Еуразиялық экономикалық одақ бар, оған қоса Қытайға экспортқа шығу бойынша біраз жұмыстар жасалып жатыр. Сол себептен бізге осындай әріптестер керек.

 

Михел ВАН ЭРКЕЛЬ, НИДЕРЛАНД ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

Менің ойымша сіздердің үкіметтеріңіз ұстанған бағыт өте дұрыс. Бүгін салық пен визалық тәртіпте қандай жеңілдіктер жасалтыны айтылды. Біздің кәсіпкерлердің де күткені - осы. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында мүмкіндігіміз жоғары. Біз Қазақстанға өз тауарларымызды сатып қана қаймай, сол жерде өндіре аламыз. Осылайша, Қазақстанның агроөндірісі дамиды.

 

Бизнес форум нәтижесінде Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен Нидерланд кәсіпкерлер Конфедерациясы әріптестікті одан әрі дамыту туралы келісімге қол қойды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер