Түрлі саладағы  26 қазақстандық инновациялық жоба көрмеге ұсынылды. Олардың дені «EXPO 2017»-ге іріктелінген. Отандық мамандардың өнертабысы - жаңа дәуірдің аккумуляторлық батареясы да солардың қатарында. Өзге батареялармен салыстырғанда 10 есе ұзақ жұмыс істейтін құрал көлемі жағынан да әлдеқайда шағын, дейді жоба авторлары. Бағасы да тиімді. Өйткені құралды жасауда қажетті қоры жеткілікті күкірт пайдаланылады. Батареяның қолдану аясы кең. Баламалы энергия көздерін сақтау үшін, мобильді құрылғыларда әрі ноутбуктар мен электромобильдерде қолдануға болмақ. 

 

Нұржан ӨМІРОВ, ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕР:

Аккумуляторымыздың  сыйымдылығы жоғары. Тағы бір артықшылығы – металдық литийдің қолданылуында. Осының арқасында құрылғының экологияға зияны тимейді әрі өрт қауіпі үшін алаңдамауға болады.

 

Алдағы уақытта жоба авторлары қарқынды өндіріске көшуді жоспарлауда. Жобаны ел Үкіметі мен Дүниежүзілік банк қолдап отыр. Барлығы елімізде жалпы құны 12 млрд теңгеден астам инновациялық грантқа  328 жоба ие болды. Инновациялар, энергетика, ақпараттық, коммуникациялық технологиялар және агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу мәселесі  елордада өткен XI инновациялық конгресс барысында талқыланды. Халықаралық сарапшылар Қазақстанның жасыл технологияларды дамытудағы талпынысын жоғары бағалап отыр.

 

Рае КВОН ЧУНГ, НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ,  /ОҢТҮСТІК КОРЕЯ/:

Біз бұған дейін жоғары көмірсутекті экономикаға көңіл бөлген болатынбыз. Алайда қазір мұның дұрыс шешім болмағанына көз жеткізіп отырмыз.  Қазіргі заманда мұнайсыз дәуірге дайындалумыз қажет. Сондықтан аз көмірсутекті инновациялық жобаларды жасауға бетбұрған жөн. Қазақстанның осы бағытқа инвестиция салып, болашақты ойлайтындығы қуантады. 

 

Дәурен АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР МИНИСТРІ:

Қазіргі таңда елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы әзірленуде. Ол ел экономикасының инновациялық жүйеге сапалы көшуіне мүмкіндік бермек. Бағдарламаның тағы бір көздегені - ауылдар, аймақтар мен қалалар арасындағы цифрлық теңсіздікті жою.  Яғни шалғай ауылдарды да көштен қалдырмай ғаламтормен қамту жоспарлануда.

 

Осындай шағын жетістіктер арқылы еліміз біртіндеп инновациялық рельске көшпек, дейді жиынға қатысушылар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер