Тәуелсіздік мерекесін атап өту аясындағы «25 жұлдызды күннің» бір күні мемлекеттік рәміздерге арналды. Алматыда және Астанада мемлекеттік гимнді жатқа айтудан байқау өтті. Қос қалада бұл шараға 600-ге жуық адам қатысты.

 

Айжан ҚАБЫЛОВА, АЛМАТЫ ТҰРҒЫНЫ:

Өзім сырт елге барғанда осы елім деген әрбір сөзі, әнұраны болсын, нақышы болсын, бір көрінісі болсын, көңіліңде, жүрегіңде бір патриоттық сезімді, отанға деген сүйіспеншілікті асырады.

 

Жұлдыз ГУСМАН, АҚТАУЛЫҚ ОҚУШЫ:

Қандай жерлерге барсақ та, басқа адамдарға өзіміздің еліміз туралы мақтанышпен айта аламыз. Біздің еліміздің тарихымен бірге болашағымыз туралы білу өте маңызды деп ойлаймын.

 

Шымкенттегі оқу орындарында алғашқы сабақ еліміздің әнұранымен басталды. Мемлекеттік рәміздердің мән-мағынасы жастарға түсіндірілді. Ал Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің студенттері «Мен Қазақстанды сүйемін» атты флешмоб өткізді.

 

Мағжан ИСАХОВ, ОҚМУ ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Алдағы уақытта тәуелсіздік тұғырын биік ету біздің жастардың қолында. Еліміздің болашағы үшін жастар, терең білім алып елге қызмет етеді деген сенімдеміз.

 

Мемлекеттік рәміздер - тәуелсіз елдің ең қасиетті атрибуты. Соның бірі – елтаңбаның жасалу тарихы туралы арнайы жиында сөз алған оның авторы Жандарбек Мәлібеков айтып берді. Ол рәміздегі әр элементтің өзіндік мағынасы бар екеніне тоқталып, 1992 жылды есіне алды. Сол кезде елтаңба бес жұлдызсыз қабылданбақшы болыпты.  

 

Жандарбек МӘЛІБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАН ЕЛТАҢБАСЫНЫҢ АВТОРЫ:

Елбасымыз шықты да, айтты. Құрметті депутаттар, халық қалаулылары, бұл бес жұлдызға таласпайық. Қазақ халқымыз «жұлдызың биік болсын!» деген. Дінге де араласпайды. Тәуелсіз мемелекет болдық. Тәуелсіз елдің өз жолы болады, өз жұлдызы болады деп, осы бес жұлдызды қалаған Нұрсұлтан Назарбаев еді.

 

Осы жиында қызықты деректер келтірілді. Мысалы, көк байрағымыз халықаралық жарыстарда 4 мың мәрте көтеріліпті. Ал ғарышкер Айдын Айымбетовпен бірге туымыз жер шарын 150 рет айналып өткен.

 

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 жұлдызды күн» жоспарының бір күні мемлекеттік шекараға арнады. Алматыда Шекара қызметінің академиясының студенттері үшін ұлағатты шара ұйымдастырылды. Білікті мамандар болашақ офицерлерге еліміздің сыртқы шебінің қалыптасу тарихы туралы айтып берді.

 

Марат МӘЖИТОВ, ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНІҢ АРДАГЕРІ:

Делимитация, деморкация жасадық. Қазір біздің еліміздің шекарасы нақты белгіленді. Ол - үлкен бір саяси мәселе. Президенттің арқасында соны шештік.

 

Тәуелсіздік жылдары іргелес жатқан елдермен 14 мың шақырымнан астам шекарамыз халықаралық-құқықтық талаптарға сай рәсімделді. 90-жылдардың басында елімізде 92 шекара заставасы болса, қазір олардың саны 300-ден асты. 25 жылдың ішінде Академия қабырғасынан түлеп ұшқан 7 мыңнан астам офицер ел тыныштығын күзетіп жүр. 

 

Ал «25 жұлдызды күн» акциясының тағы бір күні өңірлерде тіл тақырыбына арналған түрлі шаралар ұйымдастырылды. Мысалы, Қызылордада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған республикалық эссе байқауының өңірлік кезеңі өтті. Оған 50 оқушы қатысты. Сырбойлық кіші буын өкілдері Қазақстанның ширек ғасырдағы қалыптасу кезеңін шығармаларына арқау етті. Оқушылардың жұмысын арнайы қоғамдық комиссия електен өткізді. Ойы жүйелі, сөздік қоры бай, жазу мәнері ерекше балалар сый-сияпатқа кенелді. Ал қатарластарынан оқ бойы озық шыққан 4 өрен елордада өтетін байқауға жолдама алды.

 

Ақбота НЫҒЫМЕТЖАН, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ:

Осы 25 жылда біздің еліміз қатты көркейді. Елордамыз Астана болды. Астанада көпдеген үлкен өзгерістер болды. Біздің Қазақстан ең көрікті мемлекеттердің бірі. Ол жер аумағы бойынша тоғызыншы мемлекет болып тұр. Осы жетістіктерді шығармама арқау еттім.

 

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 жұлдызды күн» шарасы әлі де жалғасады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер