«ЕХРО-2017» табысты әрі тартымды көрме болмақ. Парижде Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес   қазақстандық делегацияның  ауқымды шараға дайындық барысы туралы баяндамасынан кейін осындай қорытынды жасады. Қазірдің өзінде 106 ел көрмеге қатысатынын растап, оның 103-і  ұлттық павильондарының комиссарын белгілеп қойған.

 

АХМЕТЖАН ЕСІМОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Көрме алдындағы дайындық шаралары белгіленген кесте бойынша жүріп жатыр.  Халықаралық көрмелер бюросы тарапынан бізге сұрақтар болған жоқ. Біз енді қатысушы елдердің өз павильондарын тезірек дайындауға кіріссе екен дейміз. Алғашқы бес ел - Франция, Германия, Венгрия, Түркия және Қытай павильондарын алып, жұмыстарына кіріспек. Бізде жарты жыл ерте келіп, дайындықты бастау үшін барлық жағдай жасалған.

 

ВИСЕНТЕ ЛОССЕРТАЛЕС, ХКБ БАС ХАТШЫСЫ:

ЕХРО көрмесінің көркемділігі күн сайын асқақтап, инновациялық жағы ұлғайғанын байқадық. Біздің мақсатымыз  - қызықты да, көрікті павильондарды орнатып, Қазақстан мен қазақстандықтарды насихаттау арқылы әлемге паш ету. Астанаға жан-жақтан келетін қонақтар өздері үшін үш жаңалық ашатын болады: Қазақстан деген ғажайып елді көріп, жазық далада келбеті қайталанбас Астана қаласында болады және «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне қатысады. Мен өз тарпымнан Астанадағы көрме табысты да, тартымды болатынына сенімдімін.

 

2017 жылдың көктем айларында шетелдік меймандарды көрмемен таныстыру үшін Еуропа қалаларында ауқымды роуд-шоуы өтеді. Елімізде еріктілерді тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір 4 жарым мың адамнан тұратын пул қалыптасқан.

 

РӘПІЛ ЖОШЫБАЕВ,  «EXPO-2017»  КӨРМЕСІНІҢ КОМИССАРЫ:

Біздің көрмеге 110-ға тарта ел мен 19 халықаралық ұйым қатысады. Өтінімдерін тапсырған тағы 2 ұйымнан көрмеге қатысатындығы жөнінде ресми жауап күтіп отырмыз. Олар ұлттық күндердің орнына «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша    конференция өткізіп, шараға өздерінің әріптестерін шақырады. Ол да қызық болуы керек деп ойлаймыз. 1 қаңтардан бастап бір жақты тәртіппен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттер мен Еуроодақтың бірнеше елі үшін және басқа да мемлекеттер үшін визасыз тәртіп енгізетін боламыз. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер