IT саласындағы технологиялар мен инновацияларды ұсынушы отандық стартап жобаларды шетелдік инвесторлар қолдамақ. Швейцариялық Seedstars world компаниясы мен қазақстандық МОST бизнес-инкубаторы ұйымдастырған байқау аясында үздік 10 жоба іріктелмек. Қазіргі таңда 106 қазақстандық стартап жобадан ұсыныс түсіп отыр.

 

Игорь ОВЧАРЕНКО, SEEDSTARS  WORLD КОМПАНИЯСЫНЫҢ АЙМАҚТЫҚ МЕНЕДЖЕРІ:

Бірден әлемдік нарыққа шығуды жоспарлайтын жобалар да бар. Мұндай жобалар, негізінен, бағдарламалық қамту, мобильді қосымшалар сынды стартаптар.  Қазіргі уақытта тауарды өзге елде сату немесе қызмет ұсыну үшін ол жерде тұру, тіпті, міндетті емес. Онлайн кәсіпкерлік қарқынды дамуда.

 

Жеңімпаздар қатарына ілігу үшін жоба байқау талаптарына сай болуы шарт. Стартап мерзімі 2 жылдан аспаған және де бастапқы өнім өндіре бастаған болуы керек. Үздіктер бірнеше аталым бойынша анықталмақ.

 

Павел КОКТЫШЕВ, МОST БИЗНЕС ИНКУБАТОРЫН ҚҰРУШЫСЫ ЖӘНЕ ЖЕТЕКШІСІ:

Байқау аясында Бурабайда Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің 9 жобасы және қазақстандық 10 жоба авторлары бас қоспақ. Олар әлемдік инвесторлармен кездесетін болады. Ал 3 желтоқсанда Астанада өтетін конференцияда үздік қазақстандық стартап анықталады. Ол 6 сәуірде Швейцарияның Лозанна қаласында 1 млн доллар үшін әлемдік стартаптармен тартысқа түспек.

 

Сондай-ақ, стартап авторлары Швейцарияда қанатқақты жобаларын алға жылжыту бойынша нақты кеңестер алмақ. Ал швейцариялық бизнес-тренерлер болса, бұл стартаптарды барынша зерттейді. Яғни ол жерге барудағы мақсат құр танысу емес, нақты бизнес шешімдер қабылдау болмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер