Латвия мен Қазақстан арасындағы тауар айналымын жылына 500 млн долларға жеткізу көзделуде. Астанада өткен бизнес форумда екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстандық делегация бұған дейін өз компанияларын Латвия елінде таныстырған болатын. Нәтижесінде бірқатар жобалар қолға алынды. Биыл 9 ай ішінде Қазақстан-Латвия тауар айналымы 81 млн долларды құрады.

 

Асқар АРЫНОВ, «KAZNEX» ҰЛТТЫҚ АГЕНТТІГІНІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Екі ел тауар айналымының көлемін әлі де арттырумыз керек. Логистика, туризм салаларындағы әлеуетіміз өте жоғары. Қазақстан мен Латвияның даму институттары көрсеткіштерді арттыру үшін барынша белсенді жұмыс істеулері қажет деген ойдамыз.

 

Қазақстанның фармацевтикалық компаниялары, азық-түлік өнімдері латвиялықтардың қызығушылығына ие. Қазақстан Латвияны Еуропа нарығына шығудың мүмкіндігі ретінде қарастырса, Латвия елі Қазақстанды ЕЭО нарығына өз өнімін ұсынудың жолы ретінде қарастырып отыр. Яғни, екі жақтың да өзара серіктестіктен ұтары мол.

 

Максим ТОЛСТОЙ, РИГА ДУМАСЫНЫҢ ҚАЛАЛЫҚ ДАМУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Туризмді дамыту мәселесі де кездесу барысында талқыланбақ. Оның ішінде медициналық туризм жобасына ерекше көңіл бөлмекпіз. Сондай-ақ қазақтың қазы-қартасы, қымыз, шұбат сынды өнімдері латвиялық тұтынушылардың сұранысына ие болар еді. Өз кезегімізде біз де өзіміздің отандық өнімдерімізді қазақстандық нарыққа шығаруға дайынбыз.

 

Қазіргі таңда елімізде Қазақстан мен Латвия капиталын пайдаланатын 60 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Ал мұндай компаниялардың Латвиядағы саны 40 шақты. Олар негізінен жылжымайтын мүлік және құрылыс салаларында. Алайда бизнес форум ұйымдастырушылары екі ел кәсіпкерлері мұнымен шектелмей, өнімдерді бірлесе шығаратын компаниялардың саны артады деген сенімде.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер