Қазақстан мұнай өндіру көлемін арттыруды  қолға алды. Келесі жылы елімізден шығатын «қара алтынның» жалпы көлемі 80 млн тоннаға жетсе, 2030 жылы бұл көрсеткіш 202 миллионға дейін көтерілуі тиіс. Ал биылдың соңына дейін 100 миллион тонна мұнай экспорталмақ. Сыртқа қара алтын тасымалдау үшін еліміздің әлеуеті баршылық. Жақында қайта іске қосылған «Қашаған» кеніші өндірістің коммерциялық деңгейіне шықты. Кен орны тәулігіне 75 мың баррель шикізат игеруге қауқарлы. Бүгінде «ҚазТрансОйл» мен Каспий құбыр желісінен алғашқы тауарлық жаңа өнім жіберіліпті. Ол шамамен 4 млн барельді құраған. Жыл соңына дейін көрсеткішті еселеу көзделіп отыр.

 

ЖАҚЫП МАРАБАЕВ, «NORTH CASPIAN OPERATING COMPANY» ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз қазір келесі жылы өндіріс көлемін арттыру үшін жоспарын жасап жатырмыз. Оған қажетті жұмыс бағдарламасы құрылды. Жоспарымыз жүзеге асса, тәулігіне 370 мың баррель шикізат өндіретін боламыз. Алғашқы сынақтар бұл межеге жетудің мүмкіндігі бар екенін көрсетіп отыр. Мұнымен қатар қазақстандық үлесті арттыру назардан тыс қалмайды».

 

Сондай-ақ, Қазақстан аумағы арқылы өтетін газ транзиті де артатын болады. Көгілдір отынды тасымалдауда «Түркменстан - Өзбекстан - Қазақстан - Қытай» трансұлттық құбырына басымдық берілмек. Сарапшылардың пікірінше аталмыш магистраль отандық газды Азия елдеріне жеткізуге жол ашып отыр. Бұл орайда Қытай нарығына шығудың әлеуеті зор. Бұдан бөлек, бірнеше мемлекетті байланыстыратын желі көгілдір отынның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етпек. Бұл газ бағасын тұрақтандыруға сеп болады дейді, - мамандар.

 

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

«Түркменстан-Өзбекстан-Қытай» үш бірдей трансұлттық газ құбырының негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Бүгінде желіге 4 қосалқы станция салынып жатыр. Нәтижесінде 2017 жылы көгілдір отын тасымалы 30-дан 55 текше миллиярдқа дейін артатын болады. Бұл еліміздің таранзиттік, экспорттық әлеуетінің өсуіне мүмкіндік береді.

 

Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің 20 пайызы мұнайшылардың үлесіне тиесілі. Сарапшылардың пайымынша, осы салада қолға алынған ірі жобалардың жүзеге асуы еліміздің экономикасын дамыта түсуде. Бірінші кезекте жаңа жұмыс орындары ашылып, білікті мамандар даярлануда. Отандық компаниялардың Қазақстандық үлесі артып келеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер