Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның құрылыс индустриясының қарқыны артты. Саланың дамуына бірінші кезекте, Индустрияландыру және «Нұрлы жол» бағдарламалары ықпал етті. Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығының өзінде отандық құрылыс материалдарын өндіру 2 есеге артты. Ал қазір құрылыс материалдарының 63,1 пайызы еліміздің өзінде шығарылады. «Нұрлы Жол» бағдарламасының арқасында құрылыс саласына, соның ішінде жол-көлік жобаларына қомақты инвестиция тартылды. Ол жобалардағы қазақстандық құрамның үлесін ұлғайтуға баса назар аударылып, бүгінде кей нысандарда 90 пайыздан да жоғары. Бұл дегеніміз құрылыс материалдарын өндіретін өндірістердің көбейгенін көрсетеді. Солардың бірі - Тараздағы «Жамбыл гипс» зауыты.  Кәсіпорын жылына 100 мың тонна өнім шығарады. Ішкі сұранысты қанағаттандырумен қатар, өнімінің үштен бірін Ресейге жөнелтіп отыр.

 

Қайнарбек ҚҰСАЙЫНОВ, «ЖАМБЫЛ ГИПС» АҚ ПРЕЗИДЕНТІ:

Новосібір, Алтай аймағы, Омск, Томск қалаларына. Қазір бұл жақтан да құрам үлкен. Сондықтан қазір бізде келісім-шарттар жүріп жатыр, біздің тауарымызға. Осы келесі жылдан бастап біз ойлап отырмыз 45-50 пайыз біздің өнімдеріміз осы Ресейге, Қырғызстанға және Тәжікстан елдеріне шығады.

 

Сондай-ақ, перлит өнімі Орта Азия елдерінің арасында алғаш болып осы зауытта өндіріледі. Жамбыл гипс өндірісі – еліміздегі кластерлік жүйеде жұмыс істейтін кәсіпорынның бірі. Шикізатты өндіруден бастап, дайын өнімге дейінгінің барлығын өздері жасайды.

 

Ал «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағындағы жаңа зауыт тұрғын үй құрылысына қажетті жабындар шығарады. Жоба құны – 460 млн теңге. Ашық алаңда орналасқандықтан арнайы цехтың қажеті жоқ. Жұмсалатын шығынның аз болуы сатылатын тауардың бағасын арзандатуға сеп болып отыр.

 

Вячеслав ЦОЙ, КӘСІПОРЫН БАСШЫСЫ:

Мемлекет қолдауының арқасында тауарымыз халық үшін қолжетімді. «Спанкрейт» қондырғысымен жарақтаған өндіріс орындары АҚШ пен Оңтүстік Кореяда кең шоғырланған. Бүгінде Қазақстанда жұмысын бастаған екінші зауыт.

 

Өндіріс орны жылына 432 мың шаршы метр плита жасайды. Өндірісте арматура орнына диаметрі әртүрлі болат арқандар қолданылады. Келешекте тұтас тұрғын үй қабырғаларын әзірлейтін желі іске қосылмақ. Бұл әлеуметтік тапсырыс аясында баспана салуды жеделдетеді.

 

Ал Павлодардағы құрылыс комбинаты салаға жаңа леп әкелді. Мәселен, іргесі кірпіштен қаланатын үйлерді салуға бір жыл уақыт кетсе, темір бетон бұйымдарын шығаратын зауыт жарты жылда аяқтап шығады. Коттедж үлгісіндегі үйлердің салыну мерзімі де қысқарып, бар-жоғы үш күнде тапсырылады. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы – 40 мың шаршы метр. Келешекте бұл көрсеткішті 100 мыңға жеткізу жоспарда бар.

 

Есет ДАНИЯРОВ, ТЕМІРБЕТОН ЗАУЫТЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

«Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша қазір біз жеке тұрғын үй саласына да жобалар дайындап жатырмыз. Жеке тұрғын үйге 80-90 шаршы метр болатындай аумағы осындай панель үйлер тез тұрғызылатын жылы үйлер дайындап жатырмыз.

 

Зуыт фин технологиясы бойынша жұмыс істейді. Құрылысқа қолданылатын материалдар қатаң бақылаудан өтеді. Өйткені олар сапа стандарттарына сай келуі тиіс.

 

Светлана ТЕРЕНТЬЕВА, ТЕХНИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ ШЕБЕРІ:

Үйдің сапасы қолданылатын құрылыс материалдарына тікелей байланысты. Сондықтан біз панельді қабырғалар жасауға қажет қоспалардың құрамын мұқият тексереміз.

 

Осы өндірістердің барлығы Қазақстанның құрылыс индустриясы жеткілікті мөлшерде қуатты екенін дәлелдейді. Индустрияландыру және «Нұрлы жол» бағдарламаларын іске асырудың нәтжесінде елімізде ішкі сұранысты қанағаттандыруға, импортты алмастыруға және экспортқа шығаруға бағытталған кәсіпорындар ашылып, жұмысы ілгері басты. Міне, аталған қос бағдарламаның ел экономикасына мультипликативтік әсерінің бір көрінісі осындай.

 

 

 

Сурет: Kazpravda.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер