Қазақстан мен Чехия серіктестіктің негізгі бағыттарын белгіледі. Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Чехияның сыртқы және еуропалық істері министрі Любомир Заоралекпен кездесті. Ведомство басшылары сауда-экономикалық байланысты дамыту, халықаралық мәселелер және мәдени-гуманитарлық байланыс жайын сөз етті. Кездесу барысында Любомир Заоралек Прага орталығында Абай ескерткішінің орнатылатындығын жеткізді. Кездесу барынша нәтижелі өтті. Отырыс соңында Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Чехия Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясы арасында меморандумға қол қойылды.

 

Любомир ЗАОРАЛЕК, ЧЕХИЯНЫҢ СЫРТҚЫ ЖӘНЕ ЕУРОПАЛЫҚ ІСТЕРІ МИНИСТРІ:

Біз Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуын қолдадық. Сондай-ақ «EXPO-2017» көрмесіне белсенді қатысуды жоспарлап отырмыз. Бұған дейін Чехия ешбір мамандандырылған көрмеге қатысқан емес. Бұл – елдеріміздің арасындағы байланысты бағалайтындығымызды білдіреді.   

 

Ерлан ЫДЫРЫСОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Бүгінгі кездесуде екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және халықаралық мәселелер талқыланды. Келіссөздер жемісті өтті. Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын белгіледік. Президент Земан «EXPO-2017»  шеңберінде Чехия республикасының Ұлттық күнінің ашылуына келеді деп үміттенеміз. Бұл елдің көрмеге қатысуы өте маңызды, өйткені Чехияның жасыл технологиялар саласындағы әлеуеті зор. Сондай-ақ, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы кеңейтілген әріптестік туралы Келісімді тез арада ратификациялағаны үшін Чехияға алғыс айтамыз.

 

Чехияның Қазақстанға деген қызығушылығын министрмен келген ауқымды делегация да дәлелдеп отыр. Қазақстан-Чехия форумына 30-дан астам компания өкілдері қатысты. Машина жасау, құрылыс, геологиялық барлау, туризм және банк қызметі салалары әңгіме өзегіне айналды. Форум аясында «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі мен чехиялық  «Prevalent»  қоры арасында меморандумға қол қойылды. Бұл қор пайдалы қазбаларды өндіру және энергетикалық жобаларды жүзеге асырумен айналысады.

 

Борисбий ЖАНҒҰРАЗОВ, «KAZNEX INVEST» БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

2015 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 270 миллион долларға жетті. Қазақстанда чехиялық капиталмен 100-ден астам компания жұмыс істейді. Елімізде «Шкода» авто көлігі де жиналуда. Соңғы 10 жылда 20 мыңнан астам көлік шығарылды. 

 

Борживой МИНАРЖ, ЧЕХИЯНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПАЛАТАСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Бізді энергетика, энергия өндіру, гидро стансалар сынды бағыттар қызықтырып отыр. Мұнымен қоса, азық-түлік өніміне арналған технологиялар мәселесі бойынша ортақ жобаларды жүзеге асырамыз деген ой бар. 

 

11 жыл ішінде Чехия Қазақстан экономикасына 180 млн доллар инвестиция жасаған. Ал еліміз соңғы 8 жылда жалпы сомасы 560 млн доллардың тауарын экспорттапты. Инвестициялар және даму министрлігіндегілер 2017 жылдан бастап Чехия елінің тұрғындары үшін визасыз жүйе іске қосылады деп отыр. Осылайша, Қазақстан инвестициялар мен технологиялар алмасудың аймақтық бизнес орталығына айналуды жоспарлайды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер