Қазақстан өңірлерінің инвестициялық тартымдылығы артуда. Бұған аймақтарда табысты іске асқан жобалар дәлел бола алады. Мысалы, Ақтөбеде инвесторлармен келіссөздер жүргізудің нәтижесінде индустриялық аймақта 5 жоба іске асырыла бастады. Инвестицияның жалпы көлемі 8 млрд теңгеден асады. Арнайы аймақта инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Қажетті инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізіліп, кеңсе ғимараттарына жер бөлінген. Аймақта «Бір терезе» қағидасы бойынша инвесторларға кеңес беретін арнайы қызмет те бар. Болашақта мұнда 10 ірі зауыт пен 30-дан астам ұсақ кәсіпорындар орналастыру жоспарда тұр. Соңғы 5 жылда Ақтөбе облысының негізгі капиталына 12,6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған. Оның 36 пайызы шетелдік инвесторлар үлесіне тиеді.

 

Дархан ЕРМАҒАНБЕТОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӨКІЛІ: 

Тосол, яғни басқа да машинаға керекті химиялық сұйықтықтар шығаратын, полиэтилен пакеттер шығаратын, сонымен қатар, бір тоннаға дейін жүк тартуға болатын жұмсақ контейнерлер, ең үлкен жоба - ол керамика шығару. Экспортқа бағытталған басқа да келіссөздер жүргізіліп жатыр.

 

Ал  көрші Маңғыстау облысындағы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағына биыл 20 млрд теңге инвестиция құйылған. Нәтижесінде 13 жоба қолға алынып, қолданысқа берілді. Олар көлік-логистика, мұнай химиясы және құрылыс материалдарын шығару салаларын қамтиды.

 

Әйгерім МОЛДАБЕКОВА, «АҚТАУ ТЕҢІЗ ПОРТЫ» АЭА ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ:

Инфрақұрылымды дамытуға мемлекеттен қаржы бөлінді. Зауыттардан түсетін салық мөлшері - 19 млрд теңге. Аймақтың жалпы аумағы - екі мың гектар. Олардың 25 пайызы инвесторларға берілген. Қалған бөлігін игеру жұмыстары жалғасуда.

 

Соңғы 14 жылда «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында 235 млрд теңгенің өнімдері өндірілген. Жаңа жылға дейін тағы екі кәсіпорын іске қосылмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер