Қазақстан елордасы «Болашақ қаласы» аталымы бойынша NATIONAL GEOGRAPHIC TRAVELER AWARDS журналының арнайы сыйлығына ие болды. Саяхатшылар «Оскарға» теңейтін  беделді  сыйлықтың  биылғы әріптесі – «Астана Экспо-2017». Ұйымдастырушылар елорданы қарқынды даму үдерісі мен  жоғары туристік әлеует танытқаны үшін марапаттаса,  басылым  шығыс өрнегі мен еуропалық жайлылық үйлескен қала деген мінездеме берді.  Ал Қазақстандағы туристік бағыттар жайлы эссе жазған ресейлік Мария Мещерякова «Қазақстан  - жаңалық кезеңі» аталымы бойынша  жеңімпаз  атанды. Римде білім алып жатқан Мария елімізде болып көрмесе де,  Қазақстанға келе қалған жағдайда аяқ басқысы келетін көрнекті жерлерді атады.

 

Ольга ЯКОВИНА, ЖУРНАЛДЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

Қазақстан - біз үшін бір қызық әлем. Ресейлік саяхатшылардың назарын аударып, жаһан жұртышлығының қызығушылығын тудырған, қарқынды дамып отырған ел. Сондықтан Астанаға орайластырып,  «Болашақ қаласы»  сыйлығын жарияладық.  Сайысқа 60 елден ұсыныс түсіп, бірнеше мың адам дауыс беруге қатысты. Сол себепті тартыс қызу өтті десе де болады.

 

Мария МЕЩЕРЯКОВА,  АРНАЙЫ АТАЛЫМ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Бүкіл әлемнен бірнеше тақырыптық саяхатты таңдап, осы елдерде бар дүниелерді тек Қазақстан аумағынан табуға тырыстым.  Қарап тұрсам, шынымен де солай екен. Мысалы, мен ғажайып Қайынды өзені жайлы жаздым. Ендігі арманым сол өзеннің суына шомылып,  орманды көру. Сазды шөл даладағы құмдарда сноубордпен бір сырғанап өтсем деймін. Қазақстан - өзімізге жақын және таныс ел. Байқоңырды айтсақ,  жұлдыздары жымыңдаған ғарыш қаласы елестейді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер