Тәуелсіздік жылдары жүргізілген экономикалық реформалар Қазақстанды бүгінгідей тұрақтылыққа жеткізді. Ал тұрақтылық - шетелдік инвестиция тарту үшін ең негізгі көрсеткіш. 25 жыл ішінде елімізге 260 миллиард АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылған. ТМД елдері ішінде біз Ресейден кейін екінші орында тұрмыз. 1991 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 10 еседен көп ұлғайыпты. Бұл мәліметтерді Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сарапшыларға 2025 жылға дейінгі ел дамуының стратегиялық жоспарын таныстыру барысында жария етті.

 

Қуандық БИШІМБАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Егер біздің экономикамызға қорықпай қаржысын салып жатса, демек біздің елге, жүргізіліп жатқан саясатқа, заңдарымызға деген сенім бар. Бұл - біздің тәуелсіздік жылдары жеңіп алған ең үлкен жеңісіміз. Біз соны нығайту үшін жұмыс істейміз.

 

2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын жүзеге асырудың нәтижесі 7 ұлттық жетістік болуы тиіс, деді Ұлттық экономика министрі. Сондай-ақ, еліміздегі шағын несиелендіру көлемі артып, қаржыландыру жүйесі жетілдірілмек. Нәтижесінде  еліміздің бір миллионға жуық азаматы 2025 жылға дейін жеке кәсіппен айналысу мүмкіндігіне ие болмақ.

 

Қуандық БИШІМБАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:  

Ауылда шағын несиелендіру ауқымы кеңейтіледі. Қазір ауыл  шаруашылығы министрлігі ауылда кооперацияны қарқынды жүргізіп жатыр, яғни жеке шаруашылықтар кооперация жүйесіне тартылуда. Бұл ауылдық жерлерде нарықтық қатынастардың негізін қалайды.

 

Және ең соңғысы – кәсіби мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастыру. Оның шеңберінде оларды толықтай электрондық форматқа көшіру қарастырылған. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, заманауи сандық технологиялар бюрократиясыз сапалы әрі тиімді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер