«EXPO-2017» көрмесі қарсаңында дәрігерлер ағылшын тілін үйреніп жатыр. Тиісті бағдарлама бойынша 280 ақ халатты маман оқуға кіріскен. Жаңа жылдан кейін олардың қатары арта түседі. Тіл үйрену курстары медициналық мекемелердің өз ішінде ұйымдастырылған.

 

НИЛИФАР ӘБЕНОВА, КАРДИОРЕВМАТОЛОГ ДӘРІГЕР:

Кешке қарай 2 сағаттай бос уақытымды ағылшын тілін үйренуге жұмсап жүрмін. Бұл бір әдетке айналды. Тіпті, кейде қызбаланып қатты қызығып кететін кездерім де болады. Алғашында өзімді қинап, машықтайтынмын. Ал осы күні қарапайым әңгімеге ілесіп, тілдесе алатын жағдайға жеттім. Енді мінекей, медециналық терминдерді меңгеріп жатырмын.

 

Терапевт, уролог, пульмонолог, хирург, нейрохирург барлығы да ағылшын тілін меңгеруге көшкен. Әзірге тіл үйрену курсын 20-ға жуық дәрігер өтіп жатыр. Басшылықтың айтуынша, жақын арада олардың қатарына тағы да 30 дәрігер, 100 медбике қосылады.

 

ТАТЬЯНА ЦЕЧОЕВА, ДӘРІГЕР:

2017 жыл – «EXPO»-ның жылы. Көптеген мемлекеттерден қонақ келеді. Сондықтан да, біздің клиникаға көмек сұрап келетіндер қатары көбеюі мүмкін ғой. Осыған дейін де «EXPO»-да қызмет ететін ағылшын тілінде сөйлейтін адамдар келіп жүр. Біздің дәрігерлер олармен еркін сөйлесіп, науқастардың қалай ауырғандарын сұрастыра алады.

 

ЕРЖАН ЕҢСЕБАЕВ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Шетелден келетін қонақтар көп болатыны белгілі, соларға медициналық көмек қажет болып қалуы мүмкін. «EXPO» аумағында алғаш медициналық көмек көрсететін пункт пен дәрігерлік емхана болады. Онда медицина қызметкерлері 24 сағат жұмыс істейді. Міне, солар ағылшын тілінде еркін сөйлей білуі керек.

 

Тіл орталығында тәлім тергендердің арасында мәдениет саласының 100 шақты маманы, 42 спортшы, 200-ге жуық тәртіп сақшысы, жалпы алғанда, 600 адам оқып жатыр. «ЕХРО-2017» көрмесінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалауға тартылатын 9,5 мың тәртіп сақшысы және қонақтарға көмек көрсететін еріктілердің барлығы ағылшын тілінде сөйлей білуге тиіс. Халықаралық шара Астанада келесі жылы маусымның 10-ынан бастап жұмыс істейді. «Болашақ энергиясы» деп аталған көрмеге бүгінде 105 ел мен 17 халықаралық ұйым қатысатынын ресми түрде растады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер