Шағын және орта бизнес – экономиканың негізі, әрі қозғаушы күші. Қазақстанда 2020 жылға дейін оның үлесін 40%-ға жеткізу көзделіп отыр. Сол себепті шағын және орта бизнеске қолдау артқан. Мысалы, соңғы 8 жылдың ішінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының демеуімен елімізде 35 мыңға жуық бизнес-жоба сәтті іске асқан. Ал осы қордың көмегімен 6 жылда құрылған кәсіпкерлік субъектілерінен түскен салық көлемі биылдың өзінде 155 млрд теңгеге жетеді деп болжанып отыр.

 

Қаныш ТӨЛЕУШИН, «ДАМУ» ҚОРЫНЫҢ  БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының соңғы бюллетеніне назар аудардық. Және Қазақстанның озық елдерге қаншалықты жақындағанын қарадық. 2010-2014 жылдары біз шағын және орта бизнесті несиелеу бойынша жоғары деңгейге қол жеткізген екенбіз.

 

Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларының шеңберінде франчайзингтік компаниялар да өрісін кеңейтті. Олар «субсидия», «кепілдеме» және «жеңілдетілген несиелер» құралдарын пайдаланған. 

 

Инна АПЕНКО, КИІМ ӨНДІРУШІ  КОМПАНИЯНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

1997 жылы біздің компанияның негізі қаланды. Бастапқы жылдары Швейцария брендімен жұмыс жасағанбыз. Ал, осыдан 7 жыл бұрын өзіміздің отандық брендті жасап, атау бердік. Ұсынып отырған өнімдеріміздің сапасы өте жоғары болғандықтан, сұраныс 65 пайызға өсті.

 

Ал кәсіпкер Марат Назаров көлігі көп елордада техникалық қызмет көрсету орталығына сұраныс болатынын  бірден түсінген. Мынадай көшпелі станция мобильдерін ашқанына аз ғана уақыт болды. «Даму» қорына келіп, заңды үйреніп, бизнес жүргізуде кеңес алған ол бүгінде ісі өрге басқанына қуанышты.   

 

Марат НАЗАРОВ, КӘСІПКЕР:

Бизнесті ашқаннан кейін де табысын әлі көре қоймаған, бизнесті енді ашқан кәсіпкерлерге тегін қызмет көрсеткендері жақсы екен.

 

Шағын және орта бизнестің өңірлердегі дамуы да жақсы. Мысалы, Маңғыстау облысының бір өзінде тәуелсіздік жылдары 100 мыңнан астам тұрғын жеке кәсіп ашқан. Солардың бірі - 75 жастағы Нұрияш Ниязова. Ол - ақтаулықтар үшін аңыз-адам. 80-жылдары Маңғышлақ түбегінде тұңғыш рет ұлттық киімдер пішетін ателье ашқан. Оның қолынан шыққан сән үлгілері бүгінде әлем назарында. Қазақы оюлармен өрнектелген әсем бұйымдары Лондонға да жетті. Қазақстандық кәсіпкерге «Алтын тәж» тапсырылды. Шебердің табысқа жетуіне жол ашқан бойтұмары алғашқы тігін машинасы екен.

 

Нұрияш НИЯЗОВА, КӘСІПКЕР:

Талисманым болғасын, 63 жылдан бері арқалап жүрмін. Кішкентай күнімде өзімнің адал еңбегіммен алған машинам. 11 жасымда - алаша тоқыдым. Сол заманмен бері өзіме жолдас болып келе жатыр, өмірлік мұратым болған кәсібім.

 

Бүгінде маңғыстаулықтардың 36 пайызы кәсіпкерлікпен шұғылданады.

 

Рақымбек ӘМІРЖАНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Маңғыстаудың шалғайда орналасуы, өзіндік ауа-райы мен халықтың аз шоғырлануы - жеке кәсіп ашуға кедергі емес. Шағын және орта бизнестің дамуына негізделген мемлекеттік бағдарламалар бар. Әрқайсысы табысты орындалуда.

 

Табиғи қазбаларға бай өлке бұрын қара алтын өндіруден түскен пайдадан күн көрсе, бүгінде шағын және орта кәсіптен тапқан табысымен бюджетін толтырады. Еліміздің өзге өңірлерінде де  кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Өз ісін ашуға ниет танытқандарға тегін қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Жақында олар «Жаңа бизнесті ашуға қолдау көрсету» оқу жобасын қолға алған. Жыл басынан 114 мың жанға бизнес саласында дәріс берілді. Ал кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы биыл 6 500 кәсіпкерге 250 млрд теңге несие берілмек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер