АҚШ-та өткен Memoriad Las-Vegas - 2016 халықаралық зияткерлік олимпиадасынан қазақстандық Мәди Ердәулет бас жүлдені қанжығасына байлап қайтты. Еліне жеңіспен оралған 9 жасар отандасымыз ментальды арифметика бойынша дүниежүзілік доданың алтын алқасын кеудесіне басты. Басты талап - есепті ойша шығарып, жылдам оқу. Жерлесіміз тапсырманы оза шауып орындап, 27 мемлекеттен келген қарсыластарын қапы қалдырды. Айта кетейік, Қазақстан бұл білім бәйгесіне алғаш рет қатысып, бірден жүлдеге ілікті.

 

МӘДИ ЕРДӘУЛЕТ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗЫ:

Мен абсолютті жеңімпаз атанамын деп ойламаған едім. Еңбегім зая кетпей жемісін бергеніне қуаныштымын. Бұл олимпиада 4 жылда бір ұйымдастырылады. Келесі сайыс Дубайда өтеді. Мақсатым - чемпиондығымды тағы бір мәрте дәлелдеп, жеңісімді еселеу.

 

Мәди Ердәулет Астана қаласындағы №54 мектеп-лицейінің 4-сыныбында оқиды. Төменгі буын шәкірті өткен жылдың қыркүйегінен бері мега арифметиканы меңгеріп жүр. Бастамасын сынап көрген жас дарын халықаралық олимпиада жолдамаcын ІІ республикалық зияткерлер тартысында ұтып алған еді. Оқушының жеңісі - мұғалімнің жемісі. Тәлімгердің қабілетін байқап қалған ұлағатты ұстаздар оқушының дарынын ашуға жұмыла кіріскен.

 

МӨЛДІР ӘБДІХАМИТОВА ,ҰСТАЗ:

Мәди өте еңбекқор бала. Өз жасына сәйкес есептерді шемішкедей шаққанның өзінде ересектерге арналған күрделі тапсырмаларды орындауға ынтық болып жүреді. Ол мектепте, сабақтан соң, қосымша дайындық орталығында, үйінде де есеп шығарудан жалықпайды.

 

Енді бір ауыз толтырып айта кетерлігі, Мәди байрақты додада құр топ жарумен шектелмеді. Олимпиадада қатарластарынан жылдам әрі нақты жауап берген  ол жиырма тоғыз жарым  мың ұпай жинапты. Бұл көрсеткіш осы  тұста  жаңа абсолютті әлем рекорды ретінде тіркелді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер