Қазақстан экономикасының көрсеткіштерінде өсім байқалады. Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың мәліметіне сәйкес, осы жылдың алғашқы 9 айының қорытындысы бойынша экономикадағы өсім 0,4 пайызды құрады. Министрдің сөзінше, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік саласы  және өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістің ұлғаюы экономикалық өсімге негіз болған.

 

Қуандық БИШІМБАЕВ ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Маусым айынан бастап экономикада біршама өсім байқалды. Алғашқы жартыжылдықта бұл 0,1 пайыз болса, шілде - 0,2, тамызда - 0,3, және қыркүйектегі көрсеткіш, яғни 9 айдың нәтижесі 0,4 пайызды құрап отыр. Яғни ай сайын экономикадағы өсім 0,1 пайыз шамасында. 

 

Мұнымен қоса, экономиканың екінші тынысын ашуға бизнестің белсенділігі әсер етті, дейді министр. 2016 жылдың І тоқсанында елде тіркелген шағын бизнес субъектілерінің саны 1,5 миллионнан асып кетті, оның 1,3 миллионы белсенді кәсіпорындар болып саналады. 3 жылда тіркелген шағын компаниялардың белсенділігі 53,9-дан 85,2 пайызға артты. Бұл Қазақстанда жеке кәсіппен айналысу үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын көрсетеді.

 

Мұны Doing Business рейтингіндегі Қазақстанның орны дәлелдеп тұрғандай. Дүниежүзілік банктің жуырда жариялаған зерттеу нәтижесіне сәйкес, аталған тізімде еліміз бірден 16 сатыға көтерілген. Қазіргі таңда Қазақстан  190 елдің арасында 35-орынға тұрақтады.

 

Сапарбай ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

Көп инвесторлар Қазақстанға келіп, тексеріп отырмайды. Олар ПРООН-ның , Дүниежүзілік  банкінің, халықаралы  ұйымдардың рейтингтеріне қарайды. Сөйтіп, өздерінің шешімін қабылдайды. Сондықтан біз оларға өте қатаң қатысуымыз керек. 

 

Әрине, Қазақстан экономикасына сыртқы нарықтағы жағдайдың әсер етпеуі мүмкін емес. Сол себепті ұзақ мерзімді кезеңде 3-4%-ға тең өсімнің болуы екіталай, дейді Ұлттық банк. Алайда еліміздің экспорттық әлеуетінің жақсаруы нәтижесінде 2017 жылы экономикалық өсу қарқыны 1,5-2% деңгейінде болуы мүмкін, дейді банк сарапшылары. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер