Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі дәстүрлі тіл көрмесін ұйымдастырды. Мұндай көрмелердің саяхатшылар тартуға тигізетін септігі зор.

 

Қазақтың төл дыбыстарын айту шетелдіктерге оңай соқпайды. Тілдік қиындыққа қарамай, ынта білдіргендердің бірі - Мохан Гупта бұған дейін Қазақстан туралы аз-кем ғана білген. Бүгінгі шарада ол қазақша аман-саулық сұрағаннан бөлек, ел жайлы да  көп ақпарат алыпты. Мысалы, келер жылы Астанада өтетін «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесі туралы.  

 

МОХАН ГУПТА, ЛОНДОН ТҰРҒЫНЫ:

Менің Лондонда тұрғаныма 50-60 жылдай болды. Шетелдерге көп шыға бермеймін. Бірақ енді сіздердің елдеріңізді көргім келіп отыр. Сәті түспеген жағдайдың өзінде Қазақстан жайлы достарыма айтып жүретін боламын.

 

Мұндай көрмелерде тек тіл үйретіп қана қоймайды, өз елінің мәдениетінен де мағлұмат береді. Бұл жолы қазақстандық студенттер ұлы Абайдың өлеңдерінен оқып, ұлттық аспаптарда ойнады. Шетелдіктер домбыра мен қобыздың үніне тамсанғандарын жасырмады.

 

ДОН УЕБСТЕР, ЛОНДОН ТҰРҒЫНЫ:

Маған сіздердің ұлттық аспаптарыңыз домбыраның үні өте ұнады. Сондай-ақ, бүгінгі көрмеде мен мәдени мұраға бай екендіктеріңізді білдім. Көрсетілген фильм арқылы сәулетті ғимараттарыңызға таңырқап қарадым. Енді осының бәрін өз көзіммен көргім келеді.

 

Ал Қытайдың үш қаласында Қазақстан орталығы жұмыс істеп тұр. Олар Бейжің, Шанхай, Дальян шаһарындағы шет тілдері университетінде орналасқан. Бүгінде қазақша үйреніп білсем деген шетелдік студенттердің қарасы көбейіп келеді.

 

ЛИ ЧУНЯН, СТУДЕНТ:

Сәлем, менің атым Ли Чуньян, қазақша атым Байжан. Маған қазақ тілі ұнайды. Менде Қазақстанда, Ресейде қазақ достарым бар. Мен қазақша ән айтамын. Маған Роза Рымбаева, Жанар Доғалова және Қайрат Нұртас ұнайды.

 

CЕ ВЭЙНИН, СТУДЕНТ:

Менің атым, Ши Вэньи, қазақша атым Шолпан. Жақында Қазақстанаға барамын Әл-Фараби университетінде доктарантурада оқимын. Маған қазақ тілі керек.

 

Жоғары оқу орындарының оқытушы мен студенттер алмасуы шеңберінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен келген Ханшайым Қарабаева шәкірттерінің мұншалық мол болатынын білмеген.

 

ХАНШАЙЫМ ҚАРАБАЕВА, БЕЙЖІҢ ШЕТ ТІЛДЕР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ   ОҚЫТУШЫСЫ:

Бастапқы деңгейде қазақ тілін үйреніп жатқан он студент бар. Одан кейін төртінші курсың ішінде үшінші шет тілі ретінде қазақ тілін таңдаған 19 студентіміз бар. Олардың ұлттық құрамына келсек, бірінші осындағы қазақ қандастарымыз, екінші ұйғыр бауырларымыз, үшінші осы біздің қытай студенттеріміз бар. Өз еріктерімен таңдап отыр.

 

Сөз жаттап, есте сақтау үшін музыка таптырмас құрал. Сондықтан Ли Чунян соңғы уақытта тек қазақша әндерді тыңдайды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер