Ғасырлар бойы Қытай мұрағатында сақталған қазақ хандарының хаты кітап болып басылып, жарыққа шықты. Құнды топтамада хандар мен сұлтандарға қатысты 67 құжатта көрсетілген жазбалар енгізіліп отыр. Дені Чиң  патшалығы  тұсында қазақтармен қарым-қатынас орнаған 1757-ші жылдан бастау алады. Көбі Уәли мен Ханқожа хандарға қатысты. Ал алғашқы хаттар Абылай хан мен Әбілпейіс сұлтаннан жолданыпты.

 

Дүйсенәлі ӘБДІЛӘШІМҰЛЫ, БЕЙЖІҢ ОРТАЛЫҚ ҰЛТТАР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

Оң қанат, Сол қанат, Батыс қанат құжаттары деп қарастырдық. Сол қанат дегеніміз Абылай және ол билеген қазақтар жазған дүние, оң қанат деп отырғанымыз Әбілпейіс және оның ұрпақтары жазған, енді батыс қанат дегенде бұл негізінен Әбілқайырдың баласы Нұрәлі. Нұрәлі өз өмірінде осы шығысқа екі рет елші жіберген  Чиң патшалығына. Бірі - 1763, енді бірі - 1783. Қазір біздің қолымызда бары 1783 жылы жазылған екі парша хаты. Бірі Іле генералына, енді бірі патшаға арнап жазылған.

 

Тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы қазақ хандарының хаттарын Жапонияның Киото Университетінде докторантурада оқып жүргенде зерттей бастапты. Соңғы он жылда мазмұнына қарай сараптап, саралап жинаумен айналысқан. Жаңа кітап төте жазумен көне қаріпте жазылып отыр. Қазақстандық әріптестерден қолдау болса, кирилл әліпбиінде  басып шығару да жоспарда бар. Қазақ хандары хаттарының жинағы 2000 данамен шықты. Ғалым өзі аударған соңғы деректер Қазақ хандығының тарихын жаңғыртуға сеп боларына сенімді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер