Мәскеуде өткен ең үздік туристік бағыттар айқындалатын «National Geographic Traveler Awards - 2016» байқауының қорытындысы бойынша Қазақстанның астанасы арнайы «Болашақтың қаласы» аталымын жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

«Мен еліміздің астанасы үшін осы айтулы аталымды жеңіп алғаныма қуаныштымын. Оның үстіне Астана келесі жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастырып, онда әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар мен туристер келеді. Біз барлықтарыңызды қонаққа шақырамыз»,-деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның туризмді насихаттау департаменті директорының орынбасары Роза Асанбаева жеңімпаздарды құттықтау салтанатты рәсімінде.

 

«National Geographic Traveler Awards» жүлдесі жыл сайын беріледі. «National Geographic Traveler» журналының алтыншы жүлде жеңімпаздарын іріктеу 24 аталым бойынша жүргізілді. Жүлде оқырмандарға ұнаған басты туристік бағыттарды, сервистер мен туристік компанияларды анықтайды». Байқаудың ерекшелігі сол, мұнда дәстүрлі әділқазылар алқасы жоқ. Жеңімпазды саяхатшылардың өздері анықтайды. Дауыс беру ашық және nat-geo.ru сайтында жүргізіледі. Номинацияны да сайт қолданушылары тағайындайды», - деді «National Geographic Traveler» журналының бас редакторы Ольга Яковина.

 

 

«Болашақтың қаласы» номинациясында Астананың жеңіске жетуін О.Яковина Қазақстан өзінің жас, қарқынды дамып келе жатқан астанасы тек ресейлік қана емес, әлем саяхатшыларының да назарын аударғанымен түсіндірді.

«Қазақстан күннен-күнге қарыштап дамып келеді. Сол себепті біз Астанаға арнайы номинация беруді жөн көрдік», - деді ол. «Биыл Астанаға жол түсіп, қаланы аралау мүмкіндігі туды. Шынымды айтсам, қаланың мұндай жылдамдықпен дамығанына өзім таң қалдым. Жазық даланың үстінде ортаазиялық Дубай пайда болды. ЭКСПО кешеніндегі құрылысты көрдім. Ішіне кірмесем де, сыртынан-ақ керемет әсерге бөледі», - деп толықтыра түсті О.Яковина.

 

 

Сурет: inform.kz

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер