9 млрд 300 млн доллар. Осы жылдың алғашқы алты айында елімізге осынша көлемде инвестиция тартылған. Яғни экономикаға құйылған шетелдік қаржы көлемі 25,8 пайызға артқан. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қомақты қаражаттың басым бөлігі кен өндіру саласының еншісінде.

 

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

Бұл инвестициялардың 60 пайызға жуығы - кен өндіру өнеркәсібі, 15 пайызы - өңдеу өнеркәсібі, 9 пайызы - сауда және 5 пайызы құрылыс салаларында.

 

Шет елдердегі қазақстандық елшілер де инвесторлар алдында Қазақстанның шынайы экономикалық мүмкіндіктерін үнемі паш етіп келеді. Ал жаңа жылдан бастап 55 ел азаматтарының Қазақстанға келіп-кетуін жеңілдету мақсатымен визалық режим шешімін табады.

 

Ерлан ЫДЫРЫСОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдер мен Еуро одақ елдері, оған қоса Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері мен Сингапур тұрғындары үшін Қазақстанға визасыз келу рұқсат етіледі. Әрі олар 30 күн бойы біздің елде жүре алады.

 

Қазақстандағы ірі индустриалды жобалардың бірқатары бүгінде шетелдік инвестицияның арқасында жүзеге асырылып отыр. Бұл компаниялар еліміздің болашағына сеніммен қарағандықтан, өз қаржыларын салды. Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін халықаралық ұйымдар да жақсы біледі.

 

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен 5 жыл тұрақты бірлескен жұмыстың арқасында ағымдағы жылдың қазан айында Қазақстанда аталған ұйымның инвестициялық комитетіне қатысушы ретінде қабылдауға ұсыныс берілді. Бұл Қазақстанға деген үлкен сенім белгісі және еліміздің инвестициялық ахуалын әлемдік стандарттарға сәйкестігін көрсетеді.

 

Бүгінде трансұлттық компанияларды тарту бағытында салалық ведомство үлкен жұмыс атқаруда. Мәселен, сирек метал түрлерін өндіріп, өңдейтін, жылыту мен салқындатқыш қондырғыларды жасайтын және тағы да басқа тың технологиялармен айналысатын кәсіпорындар ашу жоспары бар. Бұдан бөлек, «зәкірлік инвесторлардың» қатысуымен 5 жобаны іске асыру көзделіп отыр.

 

Қазақстанда бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалғанын инвесторлардың өздері де айтып отыр. Бүгінде көптеген ірі компаниялар Қазақстанды сенімді әріптес ретінде біледі. Еуропада әйгілі оңалту орталығының   президенті Антониос Якинтос  Қазақстанда жаңа емдеу орталығын ашуға ниетті.  Ол бірлескен жобаға 10 миллион доллардан астам қаражат құюға әзір.

 

Антониос ЯКИНТОС, EVEXIA ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ   ПРЕЗИДЕНТІ:

Менің кәсіпкер ретінде Қазақстанды, Астананы көріп қайту мүмкіндігім болды. Айта кету керек, елді көргенде таң қалдым.  Қазақстандағы бизнес өкілдерінің бізді қалай қарсы алғанын, Қазақстанның жеткен жетістіктерін көргенде күшті әсерде болдым.  Қазақстанның  қарыштап дамып, біраз жетістіктерге жеткені айқын. 

 

Елімізде инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар шаралар қабылданған. Олар корпоративтік табыс және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер