Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамуда. Бүгінде бұл салада табысты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар жетерлік. Олар жергілікті тұтынушыларды сапалы әрі бағасы тиімді отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да сеп болып отыр. Таразда таза былғарыдан аяқ киім тігетін серіктестік 2002 жылы «Жамбыл былғары комбинаты» өндірістік кешенінің базасында құрылған. Барлық өнім таза былғарыдан жасалады, жұмысқа қажетті шикізатты мұндағы мамандар өздері өңдейді.

 

НАТАЛЬЯ БАЖИНА, ЦЕХ БАСШЫСЫ:

Біздің цехта 150 адам жұмыс істейді. Ал жалпы зауытта 340 адам бар. Қазір жұмыс тұрақты, түрлі аяқ киім тігіп жатырмыз. Таза былғарыдан жасалған соң сұраныс бар.

 

Мұнда германиялық құрал-жабдықтар орнатылған. Заманауи құрылғылар аяқ-киім табандарының кез келген үлгісін құйып шығаруға мүмкіндік береді. Соның арқасында, әулиеаталық кәсіпорынның өнімі шетелдік тауарлармен бәсекелесе алатын деңгейге жетіп отыр.

 

МҰХТАР ШАЮНУСОВ, СЕРІКТЕСТІК БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жылына 300 мың жұп аяқ киім шығаруға қауқарлымыз. Қазір көбіне мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейміз.  Алдағы уақытта әйелдер мен балаларға арналған аяқ киімді шығару ойымызда бар. Негізі биылдан бастап жұмысымыз біртіндеп жақсарып келеді.

 

Қазір  Таразда кәсіпорынға тиесілі бірнеше дүкен жұмыс істеп тұр. Ендігі қадам – өнімдерін еліміздің өзге өңірлеріне шығару. 

 

Ал Оңтүстік Қазақстан облысындағы ірі тігін фабрикасы қыз-келіншектерге арналған әлемдік үлгідегі сырт киім тігуді қолға алды. Қазір жергілікті мамандарға германиялық дизайнер жаңа брендтер үлгісін пішуге көмектесіп жатыр. Шетелдік тәжірибелі тігіншіні облыстық кәсіпкерлік палатасы «Аға сарапшылар қызметі» атты халықаралық бағдарлама аясында шақыртқан. Неміс дизайнері фабрика мамандарына тегін кеңес береді. Зауытта дәстүрлі нақыштарды сақтай отырып, заманауи үлгідегі сырт киімдер тігіледі. Көздің жауын алатын классикалық киімдер ою-өрнекпен көмкерілген.

 

ЯТТА ХАЙДЕЛЬМАН, НЕМІС ДИЗАЙНЕРІ:

Менің ойымша бұл кәсіпорынның болашағы зор. Өйткені мұнда колының қиюы бар тігіншілер еңбек етіп жатыр. Олар әрбір өнімнің сапалы болып тігілуіне мән береді. Біз қазір бірігіп сырт киімнің озық әлемдік үлгісін жасадық.

 

Айжан ҚАЛМҰРАТОВА, ТІГІН ФАБРИКАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Қазіргі уақытта біз әйелдерге арналған 12 түрлі сырт киімнің үлгісін жасап жатырмыз. 1-2 ай көлемінде Қазақстан халқына өзіміздің ұлттық ою өрнектермен әсемделген сәнді пальто үлгісін әйелдерімізге қыз-келіншектерімізне ұсына аламыз.

 

Айта кетерлігі, отандық өнім импорттан 20-30 пайызға дейін арзан. Сонымен қатар тараптардың ерлер және әйелдер костюмінің үлгісін көбейтпек ойы бар. Дизайнерлер көп ұзамай-ақ ерлер пальтосын тігуді жоспарлап отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер