Қазақстан мен Сербия әріптестікті нығайтпақ. Екі елдің үкімет басшылары Астанада тиісті келіссөздер жүргізді. Қазіргі таңда Астана мен Белградтың бірлескен жобаларды қолға алуларына еш кедергі жоқ, деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев.  Қазақстан мен Сербия  арасында визасыз режим орнаған. Бұған қоса, тауарлардың дені бажсыз саудаланады. Мұндай қолайлы жағдай жасауды жалғастыру мәселесін Сербия үкіметінің басшысы Александр Вучич пен Бақытжан Сағынтаев сөз етті. Кездесу барысында Белградта Қазақстан көшесінің ашылатыны белгілі болды. Ал Астанадағы көшелердің біріне серб ғалымы Никола Тесланың аты берілмек.

 

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз Сербия бизнесінің еліміздің индустриалды-инновациялық және инфрақұрылымдық дамуына қатысу мәселесіне  көңіл бөлдік. Әріптестік орнататын басты бағыттар қатарында: ауыл шаруашылығы, құрылыс, туризм және шағын, орта бизнесті дамыту сынды салаларды қарастырып отырмыз.

 

Александр ВУЧИЧ, СЕРБИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Кездесу барысында «Fiat» автокөлігін экспорттау мәселесін де талқыладық. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестікті дамытуға көңіл бөлінді. Біз бұл серіктестік тұқымдарды жеткізумен шектеліп қалмаса дейміз. Оның қайта өңдеу өнеркәсібіндегі серіктестік деңгейіне жеткендігін қалаймыз.  

 

Премьер-министрмен бірге Астанаға келген делегация құрамы ауқымды.  Қазақстан-Сербия форумына 90 серб компаниясы қатысты. Қазақстандық тарап шетелдік меймандарды инвесторларға жасалған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.

 

Борисбий ЖАНҒУРАЗОВ, «KAZNEX INVEST» БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазақстанда қосымша құн салығы бар болғаны 12 пайыз. Ресей мен Қытайда -17-18 пайыз шамасында. Мұнымен қатар бізде жер салығы мен мүлік салығының көлемі де төмен. Өз өндірістерін Қазақстанда ашқан инвесторлар салық салу тұсында айтарлықтай ұтатын болады.

 

Марко ЧАДЕЖ, СЕРБИЯ САУДА-ӨНЕРКӘСІПТІК ПАЛАТАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бизнес-форум барысында біз Қазақстанға энергетика,агроөнеркәсіп кешені және ақпараттық технологиялар саласындағы  жобаларымызды ұсындық. Қазақстан мен Сербия тиісті келісімге қол қойып, байланыс орнатқан уақыттан бері тауар айналымы 160 млн доллардан асты. Біз бұл көрсеткішті әлі де арттырмақпыз.

 

Жиын нәтижесінде 5 жылға сербиялық өрт сөндіру машиналарын жеткізу ісі  келісілді. Жоба құны 3 млн доллардан асады, дейді іскерлер. Және де  жалпы құны 520 млн доллар болатын құрылыс саласындағы 2 ірі жобаны іске асыру мәселесі шешілді. Сондай-ақ     келер жылдан бастап Астана мен Белград арасында тура әуе рейсі ашылатын болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер