Қазақстанның ауыл шаруашылық саласында экспортқа бағдарланған кәсіпорындар саны артты. Жақында сырт елдердің нарығына отандық бекіре жеткізіледі. Маңғыстаудағы жасанды жолмен балық өсіретін ферма тауардың алғашқы легін қарашаның соңына дейін Грузияға жөнелтеді. Құнарлы тағам келешекте Қытай, Әзірбайжан және Ресей тұрғындарының дастарханына қойылуы мүмкін. «Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасымен қолға алынған жоба құны - 650 млн теңге. Кәсіпорын жылына 60 мың тонна балық өнімдерін шығарады.

 

Тұрсынгүл ЖАҚЫПОВА, БЕКІРЕ ФЕРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Жүз пайызға салынғанда осы шаруашылық, соның жоқ дегенде 55 пайызын мемлекет өзі қолдады. Каспийдегі балықтарды көбейтіп, етін, уылдырығын халыққа ұсыну әрі қарай шетелге экспортқа шығу, әрине бұл - үлкен жетістік.

 

Ал Батыс Қазақстан облысының шаруа қожалықтары соңғы 5 жылда 7,5 мың тонна ет және ет өнімдерін сыртқы нарыққа шығарған. Мұздатылған сиыр мен қой етін Ресей, Украина, Әзірбайжан, Өзбекстан және Испания елдері сатып алады. Нәтижесінде, Ақжайық ауданында іске қосылған етті қайта өңдеу кешені толық қуатында жұмыс істей бастады. Жаңа кешен жылына 5 мың тонна ет және ет өнімдерін шығаруға қауқарлы.  

 

Руслан ТЕМІРБОЛАТ,  ЕТ КОМБИНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ең бірінші осы айналадағы осы облыстағы шаруа қожалықтарымен жұмыс істеп жатырмыз. Осы аптада Павлодардан және Көкшетаудан сол жақтағы шаруа қожалықтары бізге өз ұсыныстарын білдіріп жатыр, бізге қарай мал тапсырамыз деп. Сосын мына Ақтөбе облысы сонымен тікелей жұмыс істеліп жатыр.

 

Владимир КОРОХОВ, САУДА КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ /РЕСЕЙ/:

Біз бірнеше партияға тапсырыс бердік, үлгілерін Мәскеуге жөнелттік. Әзірге етті қатырылған күйде жеткізудеміз, кейін салқындатылған ет өнімдерін де алмақ ойымыз бар. Сапасы жақсы, бәрі көңілімізден шығып жатыр.

 

Ал қазақстандық омарташылар  ортақ кооперативке біріге бастады. Жергілікті шаруашылықтар бірлесе Қытай нарығына шығуды көздеп отыр. Сол арқылы өнім экспорттау жеңілдеп, кедендік кедергілер жойылмақ. Қазір бұл бастамаға омарташылар қолдау білдіріп, көрші мемлекетке бал жеткізуге білек сыбана кірісіп кетті. Ал палатаның ресми сайтында «Қытайға экспорт» айдары ашылған. Онда көрші ел нарығына шығудың сызба-нұсқасы көрсетіледі. Айта кетейік, отандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс жоғары. Жақында ғана Бейжіңге жеткізілген 2 мың тонна өсімдік майы екі күнде сатылып, қосымша тапсырыс та қабылданды.

 

Нұржан ӘЛТАЕВ, ҚР "АТАМЕКЕН" ҰКП БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ауыл шаруашылғы өнімдерін шығаратын фермерлерді дайындауымыз керек. Кооперативтерге қосып, бір күнде өнімдер шығып кетпейді. Қазір біз 15 компанияның атауын жібердік Қытайға. Олар айтып отыр 4-5-уін ғана өткізе аламыз деп. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер