Қазақстанның өнеркәсіп кәсіпорындары экспорттық әлеуеттерін арттыруда. Бүгінде отандық өнімдер көрші мемлекеттерден бөлек, Ауғанстан. Иран және Қытай елдеріне жеткізіліп жатыр. Ақмола облысындағы «Степногор подшипник зауыты» өнім көлемін арттырып, экспорт үлесін ұлғайтуды діттеп отыр.  Қазақстандағы жалғыз подшипник зауытының жұмыс істеп тұрғанына 40 жыл. Биыл мұнда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жаңа жобаның жалпы құны - 496 миллион теңге. Күрделі өзгерістерді бастан өткізген кәсіпорын қазірдің өзінде өнім түрлерін көбейтуді бастап кетті. 

 

Андрей ШЕННИКОВ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жоба аясында жылына 72 мың подшипник шығарылады. Құнына шаққанда, 1млрд 833 млн теңгені құрайды. Жоспар одан да ауқымды. Біздің негізгі тұтынушымыз – Ресей темір жолдары тапсырыс көлемін ұлғайтты. Сонымен қатар, тау-кен өндірісіне қажетті бөлшектерге де сұраныс артып отыр. Бұл ретте де өнімнің 90%-ын Ресей Федерациясына өткіземіз, қалған 10 пайызын ішкі нарыққа және Украина мен Беларусь елдеріне жібереміз.

 

Жаңғырту жобасы кәсіпорынға жаңа серпін беріп, өндірістік алаңдарды кеңейтіп, тұтыну нарығын арттыруға сеп болды. Қазірдің өзінде зауытта жүзге жуық жаңа жұмыс орындары ашылды.   Бүгінде мұнда 2 мыңға тарта адам жұмыс жасайды.

 

Ал Алматы облысының Текелі қаласында шойын шығару ісі қолға алынды. Бұл - Қазақстан қара металургиясында жүзеге асқан алғашқы жоба. Өндіріс ошағы 800 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Еңбек ұжымы бірінші өнімді Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай шығаруды жоспарлап отыр. 

 

Владимир БОРИСЕНКО, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Зауыт шикізатты өзі өндіреді. Оның шығатын жері дайын. Шойын Қазақстан бойынша сатылады.

 

Зауыттың байыту фабрикасы қайта құрылды. Қазір домна пешінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін темір концентратын байыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпорын тағы бір домна пешін салып, жылдық қуаттылығын жарты млн шойынға дейін жеткізбек. Бұл өнім Павлодардағы құбыр зауытына жіберіледі.  Сонымен қатар, оны Ресей мен Қытай елдеріне экспорттау жоспарланған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер