Қазақтың  ұлы ақыны, философы  әрі  ағартушысы Абай Құнанбайұлын бүкіл әлем таниды. Абзал ақынның асыл мұрасы бүгінде адамзат мұрасына айналғаны хақ. Оның шығармалары әлемнің 30-дан астам тіліне аударылған. Мәскеу, Бейжің, Каир, Будапешт қалаларында ұлы ақынның ескерткіштері орнатылды. Жақында Францияның Ренн қаласында да Абайдың мүсіні ашылды.

 

Бауыржан БАЙБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Енді Абай мүсіні Францияда болғандықтан, осы халқы біздің мәдениетімізді, тілімізді, дәстүрімізді көбірек біледі деп сенемін.

 

Натали АПЕРРЕ, РЕНН ҚАЛАСЫНЫҢ МЭРІ /ФРАНЦИЯ/:

Француз ақыны Луи Орагон ағартушы Абайдың данышпандығына таң қалған болатын.  Ол французда Абайға тең келер ақын жоқ, болған емес деп, оның шығармаларын 19-ғасырдың ең үздік классикасы деп бағалаған болатын. Енді Абайдың есімі қаламыздың сәулет бейнесінде  мәңгі сақталады.

 

Ұлы Абайдың шығармашылығын Қытай халқы да дәріптейді. Бейжіңде Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Абай оқулары өтті. Осымен екінші рет ұйымдастырылған шараға шетелдік дипломатия өкілдері, жергілікті қазақ диаспорасы мен қазақстандық студенттер жиналды. Олар Бейжіңдегі Чаоян саябағында орналасқан ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. Кеште ақылдың кені атанған ақынның қара сөздері мен өлеңдері оқылып, әсем әндері шырқалды.

 

Мұхтар ӘБІЛХАҚ, БЕЙЖІҢ ҰЛТТАР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

Әсіресе мына Қытайдың астанасы Бейжіңдегі Қазақстан студенттерінің Абай өлеңдерін осылай нақышына келтіріп оқуы маған өте үлкен әсер қалдырды. Осыны жаттау арқылы, өзгелерге үгіттеу арқылы Абайдың адамгершілік мұраттарын өзгелерге жеткізе білді. Меніңше біздің ұрпақтарымыз осылай Абайды жаттап өссе, ақын мәңгі жасайды.

 

Сергей МАНАСАРЯН, АРМЕНИЯНЫҢ ҚХР-ДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Абай шығармалары қытайша өте жақсы аударылған. Біз бүгін сахнада Абай поэзиясы мен елінің тарихын өте жақсы білетін қазақстандық студенттері көрдік. Бұл өте жақсы әсер қалдырды.

 

«Соңғы жылдары Бейжіңде «Абай оқуларын» өткізу тамаша дәстүрге айналып отыр. Абай қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы әрі ойшылы ғана емес, ол - Қазақстанның шетелдегі халықтық дипломатиясының нышаны», деп атап өтті шара барысында сөз сөйлеген Қазақстанның Қытайдағы елшісі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер