Бүкіләлемдік мұнай одағы «ЕХРО-2017» көрмесіне қатысады. Халықаралық көрменің комиссары Рәпіл Жошыбаев ұйым басшылығымен Лондонда кездесіп, тараптар сәйкес келісімге қол қойды. Қоғамдық ұйым Қазақстандағы көрмеге көмірсутек тиімділігін арттыруға бағытталған ғылыми-техникалық инновацияларын алып келмек.

 

Рәпіл ЖОШЫБАЕВ, «EXPO-2017» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНІҢ КОМИССАРЫ:

Осы кездесуде Бүкіләлемдік мұнай одағы көрмеде қандай шаралар өткізетіндігі туралы айтып берді. Олар халықаралық шараға үлкен қызығушылық білдіріп отыр. Көрме кезінде Мұнай одағы энергетика саласындағы жобаларын таныстырады.

 

Халықаралық мұнай одағы 1933 жылы құрылған. Бүгінде оған әлемнің 69 елі кіреді. Бұл мемлекеттер мұнай мен газ өндіретін және пайдаланатын елдердің 95 пайызын құрайды. Ұйымға Қазақстанның атынан 2008 жылдан бастап KAZENERGY қауымдастығы мүшелік етеді.

 

Ульрике ФОН ЛОНСКИ, БМО БАЙЛАНЫСТАР ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ:

Біз Қазақстанның «ЕХРО-2017» көрмесін өткізу туралы жоспарына тәнті болып отырмыз. Байқауымызша, бұл өте ауқымды және қызықты шара болайын деп тұр. Сондай-ақ біз көрмеге қатысып ғана қоймай, көрген-білгенімізді, үйренгенімізді бүкіл әлемнің дамуына пайдаланғымыз келеді.

 

Бүгінгі таңда әлем елдерін «ЕХРО-2017» көрмесіне шақыру жұмыстары аяқталуға жақын. Қазірдің өзінде 105 мемлекет халықаралық шараға қатысатындарын растап, ресми келісімдерін беріп қойды. Ал олардың 5-уі өз павильондарының құрылысына кірісіп те кетті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер