Жапония және Оңтүстік Корея компаниялары Қазақстанда жалпы құны 2 млрд долларға тең жаңа жобаларды іске асырады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған елдерге сапарының қорытындысы бойынша осындай уағдаластықтарға қол жеткізілді. Осы уақытқа дейін Жапония Қазақстанға 9 миллиард доллар инвестиция салған. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш артып, екі-елдің байланысы одан әрі жанданады, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Осы сапардың нәтижесінде екі арада  1,2 млрд АҚШ долларының 13 коммерциялық келісіміне қол қойылды. Олар химия және мұнай химиясы, инновациялық технологиялар, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, энергетика, қаржы, құрылыс материалдарының өндірісі, туризм және сауда салаларын қамтиды. Соның ішінде, Атырауда терафтал қышқылын өндіруші зауыттың, Маңғыстау облысында жел-энергетикалық станцияның құрылысы жоспарланған.

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қарым-қатынастың ең жоғарғысы - сауда-саттық, экономика мәселесі. Бұл жағынан тауар айналымын көбейту үшін қандай шаралар қолдану керек екенін екі жақты үкіметаралық комиссияға тапсырдық.

 

Оңтүстік Кореяда да іскерлермен кездескен Елбасы Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсартып, бизнес жүргізуді мейілінше қолайлы ету мақсатында қолға алынған индустриалық-инновациялық бағдарламаны сөз етті. Инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер барын айтты. Мұнымен қоса, президент кореялық бизнесмендерді еліміздегі арнайы экономикалық және индустриалық аймақтардың мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды. Осы сапар нәтижесінде кореялық компаниялармен денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар, құрылыс, қаржы, сауда, туризм салаларында жалпы сомасы 640 млн АҚШ доллары болатын жобалар бойынша 20 келісімге қол қойылды. Соның ішінде Қазақстанда фармацевтикалық және медициналық-биологиялық зауыттар кластерін құру туралы меморандум бар.

 

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

Біздің министрлік 2 меморандумға қол қойы. Бірінші ол ортақ жобалар келешекте іске қосылатын, қазір жұмыс жасалып жатыр. Олар да әртүрлі салаларда. Жалпы көлемі 1 млрд доллардан асады. Екінші  меморандум көлік саласындағы меморандум.

 

Жалпы, тәуелсіздік жылдары Оңтүстік Кореядан тартылған инвестиция көлемі 9 млрд долларға жуықтайды. Бүгінде елімізде оңтүстіккореялық капиталдың қатысуымен 465 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Тек соңғы 3 жылдың ішінде  құны 160 млн долларға жеткен 14 инвестициялық жоба жүзеге асқан. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер