Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көлік дәлізіне айналуға тиіс. Ел үкіметі осындай міндет қойып отыр. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бұл салада қол жеткізілген жетістіктер аз емес. Соңғы 5 жылда елімізде бес мың шақырым автожол жөнделіп, шойын жол желілері 1700 шақырымға ұзарған. Биыл Құрық порты мен Алматы-1- Шу темір жол желісінің бір бөлігі пайдалануға беріледі. 2018 жылға дейін Ақтөбе, Өскемен, Ақтауда көлік-логистикалық орталықтар салынады деп жоспарланып отыр. Бұған қоса, Қытай мен Ресейде, Орталық Азия елдерінде, Түркия мен Еуропада жүктерді шоғырландыру орталықтары бой көтереді.

 

Қанат АЛПЫСБАЕВ, "ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ" ҰК" АҚ ПРЕЗИДЕНТІ:

2011 жылдан бастап жүрдек контейнерлік пойыздар қызметі ұйымдастырылды. 2016 жылы Азиядан Еуропа бағдарына шығатын контейнерлік тасымалы 100 есеге артты. Бірлескен көліктік-логистикалық компания іске кірісті. Солтүстік-Оңтүстік транзиттік тасымал дәлізі дамып келеді.

 

Биыл Қытай-Еуропа-Қытай бағытында 66 мың контейнерлік жүк тасымалданған. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есеге көп. 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 800 мың контейнерге жетеді.

 

Авиация саласына келсек, келесі жылы Астанадан Прага, Вена, Варшаваға тікелей әуе рейстері ашылады. Ал 2019 жылы қазақстандықтар елордадан Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йоркке ұшақпен жете алатын болады. Бүгінде Астана 25 халықаралық бағдар бойынша 16 елмен әуе байланысын орнатқан. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер