Еуразия кіндігінде қадасын қаққан елорда төрінде  «WORLD BEAUTY ASTANA-2016» атауымен əлемдік сəн жəне сұлулық байқауының гранд-финалы өтті. Айта кетерлік жайт, 2006 жылы Америкада басталған бұл фестиваль жыл сайын сән индустриясы үшін мән-маңызы айрықша мемлекеттерде салтанат құрады екен. Биыл сайыс ұйымдастырушыларының таңдауы бірауыздан Қазақстанға түскен. Осылайша, бас шаһарда қанат жайған ғаламдық жоба әлемнің түрлі елдерінде өткен байқаулардың қорытындысы болып табылады. Оның аясында  сұлулық пен дарын иелері, сәнбикелер, модельдер, дизайнерлер және визажистер өзара сынға түсті.

 

РОДРИГО БАЗИЛИКАТИ, «PIERRE CARDIN» СӘН ҮЙІНІҢ ДИЗАЙНЕРІ

 Астананы бекерден таңдаған жоқпыз. Қазақстанның сән индустриясы ұлттық құндылықтарды жоймай-ақ, бүгінгі сұранысты қанағаттандырып отыр, сонысымен аса қызықты. Дәстүрлі киім үлгілері заманауи реңмен пішіледі. Жергілікті дизайнерлер көне мен жаңаны үндестірудің жақсы жолын тапқан.  Қазақстандық брендтер сән әлемі шеберлерінің  талғамынан әбден шығып жүр деп сеніммен айта аламын. 

 

Эстетика мен жоғары талғам, сымбаттылық пен өнерпаздық өзара үйлесім тапқан шараға 20 елдің шеберлері мен арулары атсалысты.  Сұлулық  сынға түскен байқау барысында өзге мемлекеттерден ақыл-ойы мен түр-тұрпаты  келісті 75 нәзік жанды мен  50 қазақстандық  бұрымды бақ таластырды. Айта кету керек, қыз сынында жас ерекшеліктеріне сай «Little», «Mini», «Teens», «Young» жəне «Miss» секілді аталымдар қамтылды. Кімнің бабы шабатынын отандық және халықаралық сән майталмандары саралады. 

 

ГАЛИНА ДЕ БУАР, «PIERRE CARDIN» СӘН ҮЙІНІҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ

Алда ұйымдастыратын сән көрсетілімдеріне қазақстандық модельдерді шақырамыз. Кемінде 50 пайызын осы қыздар құрауы тиіс. Себебі мен мұнда сән әлемінің бейнесі болуға лайықты бірқатар қатысушыны көрдім. Жалпы, Астанаға келгелі адамдардың сұлулығына тәнті болдым. Қазақстан әлемдік сән өндірісінің жаңа трендіне айналады деп айтсам қателеспеймін. Менің байқауымша, ол үшін әлеует зор.  

 

Сұхбат барысында Француз сән үйінің өкілдері «EXPO-2017» көрмесінде үлкен көрсетілім өткізуді жоспарлап отырғандарын тілге тиек етті. Ал байқауда танымал кутюрье Пьер Карденнің Париждегі сән фестиваліне, сондай-ақ,  Мәскеудегі сән апталығына қатысу құқығы берілетін жолдамалар үлестірілді.

 

Сурет: kazpravda.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер