Словакиялық бизнес Қазақстанмен әріптестік орнатуды көздейді. Екі елдің іскерлері Астанада өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Жиынға машина жасау, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және құрылыс сынды салалардағы Словакияның жетекші 15 компаниясының өкілдері  қатысты. Бұл Братиславаның Астананы өзінің негізгі серіктестерінің қатарынан көруге ниетті екенін білдіреді, деді өз сөзінде Словакияның сыртқы және Еуропа істері министрі Мирослав Лайчак. 

 

МИРОСЛАВ ЛАЙЧАК, СЛОВАКИЯНЫҢ СЫРТҚЫ ЖӘНЕ ЕУРОПА ІСТЕРІ МИНИСТРІ:

2015 жылы сыртқы сауда айналымының көлемі 41,2 млн еуроға жетті. Алдағы жылдарда экономикамыз тұрақты өсім көрсетеді деп ойлаймын. Біздің көптеген компаниялар Қазақстанмен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға  әзір.

 

СЕРЖАН ӘБДІКӘРІМОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЛОВАКИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ

Қазіргі таңда Қазақстанда  25 қазақстандық-словакиялық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.  Негізінен энергетика, құрылыс, денсаулық сақтау және кәсіпорындарды модернизациялау бағытында әріптестік орнатылған. Ендігі кезекте туризм саласы бойынша бірлескен жобаларды қолға алуды көздеп отырмыз. Словакия таңғажайып орындарымен және шипалы суларымен танымал. Біздің де шетелдік туристерге көрсететін байлықтарымыз жетерлік. 

 

Қазақстандық туризмге Словакия бизнесінің инвестициясын тарту бойынша  отандық туроператорлар да біршама іс тындыруда. Олар шетелдік туристер үшін  қызықты бірегей  турлар әзірлеп үлгерген.  

 

МЕЙРАМГҮЛ  БАЙҒОЖИНА, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТУРИСТІК ФИРМА ӨКІЛІ:

Демалыс жағынан ғана емес,  біздің компаниямыз әр түрлі турларды ұйымдастырады. Индустриялық, мысалы, бір кен орнына я басқа ауылға  зауыттарды көрсетіп, сондай турларды дамытып жатырмыз.

 

 

В2В форматында өткен кездесу барысында Словакияның қорғаныс өнеркәсібіндегі компанияларының бірі қазақстандық серіктестеріне оқ-дәріні жоюдың тың технологиясын ұсынды.  Жобаның басты артықшылығы – қауіпсіздігінде. Мұнымен қоса, экология үшін барынша зиянсыз әрі экономикалық тұрғыдан тиімді.

 
ЯН ЛАСАБ, СЛОВАКИЯЛЫҚ КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

Біз әскери әбзелдер мен жаңа қару-жарақтарды шығарып қана қоймай, оларды жөндеу және жоюмен де айналысамыз. Серіктес табылып жатса, Қазақстанда бірлескен зауыт ашуды көздеп отырмыз.

 

Бизнес қауымдастығының өкілдері Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісім елдер серіктестігіне тың серпін береді  деген сенімде.

 

 

Сурет: sk.golden-praga.ru

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер