Елордалық археологтар Шығыс Қазақстан облысынан қола дәуіріне жататын алтын әшекейлер тапты. Бұған қоса, қазба орнынан өрнекті сыбызғы, сүйектен жасалған жебе, қыш ыдыстар да шыққан. «Шыңғыстау» археологиялық эспедициясы мұндағы жұмысына осы жазда кіріскен. Еуразия ұлттық университетінің тобы шатырларын Шаған өзенінің бойындағы Тоқтамыс ауылына таяу маңға тіккен. Қазба жұмыстары Қырықүңгір қорымында басталды. Шақырайған күн мен жауынның астында айлап зерттеу жүргізген археологтардың еңбегі жемісін берді. Осыдан 32 ғасыр бұрынғы, яғни қола дәуірінен сыр шертер көптеген жәдігер табылды. Арасында әйелдер таққан алтын әшекейлер бар.

 

ҰЛАН ҮМІТҚАЛИЕВ, ЕҰУ КАФЕДРА МЕҢГЕРУШІСІ:

Қабан бейнесіндегі алтын әшекей аң стилінде жасалған. Өте жоғары сынамада жасалған алтын әшекей заттар. Сонымен бірге, тоналып кеткендіктен, табылған алтын заттардың барлығы өте ұсақ күйінде адамның сүйегінде топырақпен бірге араласқан күйінде таптық. Түйір-түйір тарының қауызындай алтын заттар.

 

Қазба жұмыстары барысында археологтар ер адамның қорымынан 140 асық тапқан. Олар сол кезеңде асықтың қолдану аясы кең болған деген тұжырымға келді. Яғни, бұл бала ойынынан бөлек, бойтұмар ретінде пайдаланылған. Ал, қорымға марқұммен бірге көмілуінің өз мәнісі бар.

 

ҰЛАН ҮМІТҚАЛИЕВ, ЕҰУ КАФЕДРА МЕҢГЕРУШІСІ:

Біздің ойымызша, көне дүниетанымдық түсініктерде адам қайтыс болған кезде топырақ салғанның орнына бір-бір асық салған ба деген жорамал бар.  

 

Осылайша, асықтың жаңа қыры ашылды. Ал елордалық археологтар бұл тапқан олжамен шектелмей, келер жылы экспедицияны қайта жалғастырмақ. 

 

Сурет: bulatamt.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер