Қазақстан мен Жапония экономикалық әріптестігін кеңейтеді. Өткен жылы екі елдің тауар айналымы бір жарым  миллиард долларға жеткен. Бірақ әлеует одан да үлкен. Қос мемлекеттің экономикалық әріптестігінің  көкжиегін одан әрі кеңейту жолдары Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен жапон Премьер-министрі Синдзо Абэнің кездесуінде талқыланды. Келер жылы Жапониямен дипломатиялық қатынастың орнағанына 25  жыл толады. Достықтың мерейлі жылы алдында екі елдің көшбасшылары көп істі ілгерілетуге бел буды.

 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Екіжақты қарым-қатынастардың қозғалтушы күші, әрине, экономика екені анық. Біз осы мәселеге ерекше назар аудардық. Қазақстан – Жапонияның Орта Азиядағы ең үлкен әріптесі. Екі елдің тауар айналымының көлемі бір жарым миллиард доллар, бірақ бұл көрсеткіш біздің әлеуетімізге сай келмейді. Сондықтан да өзара ықпалдастығымыздың көкжиегін кеңейту керек, соның ішінде, жаңа технологиялар, атом эенергетикасы, автокөлік құрастыру және металлургия салаларындағы әріптестігімізді нығайтпақ ойымыз бар.

 

СИНДЗО АБЭ, ЖАПОНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Бұл кездесу біздің достығымызды одан әрі нығайта түседі деп білемін. Қазақстанның бизнес климатын жақсы білеміз. Жапон компаниялардың сіздерде жұмыс істеуіне мүмкіндік мол. Біз мұны ескеріп екіжақты жұмысты жүйелейміз.

 

Қос тарап осы уақытқа дейін бірлескен жобаларды іске асырды. Жапон іскерлері инфрақұрылым және өндіріс саласына инвестиция салды. Бұл байланыс алдағы уақытта да нығая түспек. Қос тарап ауыл шаруашылығы, медицина және инфрақұрылым салаларында әріптестікті дамытпақ. сондай-ақ, қос тарап бірқатар маңызды келісімдерге қол қойды. Соның бірі ендігі жылы Жапонияның ЕХРО-2017 көрмесіне белсенді қатысуы туралы.

 

Сурет: Akorda.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер