Астана қаласының қуыршақ театры Еуропаны шарлап қайтты. Париж бен Барселона  бүлдіршіндері қазақтың «Қаңбақ шал» ертегісімен таныс болды. Ұлттық құндылықтарымызды кәрі құрлыққа дәріптеген қойылым  халықаралық қуыршақ театрларының бас қосуы аясында ұсынылды. Айта кетерлігі, дәстүрлі конференцияда елордалық ұжым ТМД елдерінен келген жалғыз сала өкілдері болыпты.

 

ДОСЫМХАН БЕЙСЕНБАЕВ, АКТЕР

Ұлттық құндылықтарымызды шетелдік көрермендерімізге көрсеттік. Олар өз оң бағасын берді. Әріптестеріміздің біршамасы алғыстарын айтып, қуыршақтардың қалай жасалғанын, ұлттық нақышта қалай безендірілгенін, сахнаның киіз үйдің ішіндегі заттардың қаншалықты дәстүрлі күйде беріліп тұрғанын қызықтап, жақсы деген бағамен қарсы алды.

 

Қазақ жеріндегі қуыршақ театрының негізі – ұлттық ойындардан басталған. Ертеден келе жатқан «Ортеке» ойыны осыған дәлел. Астананың қуыршақ театры өз жұмысын 6 жыл бұрын «Қыз Жібек» поэмасының желісі бойынша «Махаббат туралы поэма» спектаклінің премьерасынан бастады. Содан бері бұл сахнада неше түрлі қойылымдар ойналады. Олардың ішінен қазақтың аңыз-ертегілерімен қатар, әлемге әйгілі «Су перісі», «Симба баласы» және «Арыстан патша» кейіпкерлерін де кездестіреміз.  Театр репертуарында жарқын және ерекше қуыршақтар бар. Өнер ұжымы әрбір қойылымға үлкен жауапкершілікпен дайындалады. Өйткені спектакльге ең мұқият жас көрермен өз бағасын береді.

 

ТОҒЖАН  ХАСАНҒАЛИЕВА, ТЕАТР ДИРЕКТОРЫ:

Жаңа қуыршақ кейіпкерін жасау  қажырлы еңбекті қажет етеді. Алдымен кейіпкерді режиссер ойлап табады, содан кейін суретші оның бейнесінің эскизін салады, тігінші қуыршақтың әрбір элементін жасайды. Ең бастысы бейнесі балаларға кейіпкер сезімін жеткізуі тиіс. Біз әлем театрларымен байланыс орнатқымыз келеді. Өткен жылы тұңғыш рет халықаралық «Құралай» байқауын ұйымдастырдық. Оның аясында 14 театрмен ақылдасып, «Еуразия Папит» қуыршақ театрларының қауымдастығы құрылды.

 

Өнер ұжымы «EXPO-2017» көрмесінде 50 елдің қуыршақ театры қатысатын карнавал ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бастысы театр қызметкерлері еңбектерінің жеткіншектердің тәрбиесіне оң әсерін тигізгенін қалайды.

 

Сурет: www.almatymadeniet.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер