Қазақстанның өнім өндірушілері алып нарыққа шығады. Жақында Шанхай еркін сауда аймағында Қазақстанның сауда орталығы ашылды.  Осының арқасында отандық кәсіпкерлер өз тауарларын 200 млн халқы бар бай провинцияға жеткізе алады. Жергілікті тұрғындар еш қоспасыз, таза өнім жегісі келеді. Өйткені экологиялық таза тамақ өндірісі олар үшін өте өзекті.

 

БИНЬГАН ЧИЯН, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САУДА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Соңғы жылдары қытайлық тұтынушылар қазақстандық өнімдердің дәміне құмартып келеді. Алдағы уақытта да біз еш қоспасы жоқ тағамдарды халыққа таныстыруды жалғастыра береміз. Өйткені Қазақстан өндірген экологиялық таза тағамдар мен ауыл шаруашылығы өнімдеріне үлкен сұраныс бар.

 

Қазақстан сауда орталығында тауардың 100-ге жуық түрі қойылған. Келешекте балық, сиыр және қой етін әкелу жоспары бар. Бүгінде көршіміз жылына 6 млн 800 мың тонна ет өнімін импорттайды. Ал Қазақстан болса, Қытайға 60 мың тонна сиыр, 300 мың тонна қой етін экспорттауға дайын. 

 

ҚАЙСАР ҚАНАЛЫМ, КӘСІПКЕР:

24 компаниямен келісімшарт бар. Сол арқылы Қазақстанның балық және ет өнімдерін осы тоңазытқышқа сақтауымызға болады. Ішіне 40 тоннадай тауар сияды.

 

Орталықта қазақстандық өнімдерді саудалаудан өзге, үлкен нарыққа шықсам деген отандық кәсіпкерлерге көмек көрсетіледі. Құжат рәсімдеу, тілдік кедергі, басқа да мәселерді шешу үшін ақыл-кеңестері дайын.

 

ЖОШЫХАН ҚЫРАУБАЕВ, ҚР ШАНХАЙ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БАС КОНСУЛЫ:

«Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес біз дипломаттар мен қазақстандық кәсіпкерлер арасында тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз.  Қазір дүниежүзінің барлығы өз өнімін мына 1,5 млрд халқы бар Қытайға тасуда. Осындай жақсы орайды қазақстандық өнім өндірушілер де пайдалану қажет деп ойлаймыз. Бүгін өздеріңіз куә болдыңыздар, 2 тонна қазақстандық тамақ өнімін 2 сағатқа жеткізбей, талап алып кетті.

 

Сурет: 24.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер