Қазақстанның ірі өнеркәсіп зауыттарын жаңғыртудың арқасында өнімді экспортқа шығару мүмкіндіктері артты. Мысалы, Қарағандыдағы кен байыту фабрикасы бір айдың ішінде бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізді. 36 жылдық тарихы бар кәсіпорын зауыттағы технологияларды жаңғырту арқылы қазан айында 250 мыңға жуық көмір концентратын шығарған. Нәтижесінде экспортқа шығарылатын өнім көлемі де артты. 

 

ДМИТРИЙ БОЯРСКИЙ, КЕН БАЙЫТУ ФАБРИКАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біздің ірі тұтынушымыз - Теміртау металлургиялық комбинаты. Сонымен қатар, біз концентраттың ірі көлемін Украина мен Ресейге жөнелтеміз. Соңғы жылдары Қытайға да экспорттадық. Фабрикадағы жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде өнім көлемін еселедік.

 

Жалпы, кәсіпорынды жаңғырту жұмыстарына 6 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Мұндағы жаңғырту жұмыстары 2020-жылға дейін жалғасады.

 

Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытында да жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа 4-ші цех іске қосылды. Осының арқасында жобалық қуатқа шығып, 440 мың тонна феррохром өндіруге жол ашылды. Зауыттың өндірістік  технологиясы мен инновациясы жағынан әлемде баламасы жоқ. Өндірісті басқарудың жаңа автоматты жүйесі енгізілген.

 

МАҚСАТ АҚЫПОВ, ФЕРРОҚОРЫТПА ЗАУЫТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕР-ТЕХНОЛОГІ:

Бұл инновациялық жобаның әдеттегі технологиядан айырмашылығы айнымалы ток пештерінде өндіріске қолданылатын шикізат міндетті түрде алдын ала дайындық операцияларынан өтеді.

 

Тағы бір маңыздысы - жергілікті материалдарды қолданудың үлесі артты.

 

СЕРІК ДӨНБЕКБАЕВ, «ҚАЗХРОМ» ТҰК ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Жаңа цехты іске қосқалы отандық үлес 100 пайыз болды. Негізгі шикізат мұнда Хромтаудағы Дөң кен байыту комбинатынан жеткізіледі. Өндіріс ашылғалы шикізатты Қарағандыдағы Шұбаркөл көмір бассейнінен алып отырмыз.

 

Бүгінде зауыт өнімінің 60 пайызға жуығы Қытайға, қалғаны Батыс Еуропа, АҚШ  елдеріне экспортталып отыр. Үдемелі индустрияландыру жобасы аясында жүзеге асырылған бұл жобаның құны - 843 млн АҚШ доллары.

 

Сурет: 24.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер