Келесі жылдың 1 шілдесінен бастап «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушыларын тіркеу басталады. Бұл орталық қазақстандық қаржы жүйесінің өзегіне айналып, Еуразиядағы ірі қаржылық хаб болады. Қызметі ағылшын құқығының қағидаларына негізделетін орталықтың тұсаукесері 2018 жылдың қаңтарына жоспарланған. Ал бүгінде  оның болашақ кадрларын оқыту, олардың біліктіліктерін арттыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы ретте Нью-Йоркте арнайы бағдарлама бастау алды. Оны таныстырған «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов бұл жаңа жобаның маңыздылығына ерекше тоқталып өтті. Әсіресе, адами капиталдың сапасына ерекше көңіл бөлінгенін айтты. «Астана» халықаралық қаржы орталығының мамандарын кәсіби оқыту бағдарламасы биыл Шетелде кадрлар дайындау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен арнайы квотаға енгізілген.

 

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, «АСТАНА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫСЫ:

Білім министрлігі «Болашақ» бағдарламасының ережелеріне сәйкес байқау өткізіп, онда ең үздік мамандар іріктеп алынды. Осы бағдарламаның қатысушылары АҚШ пен Еуропаның ірі нарықтарында тәжірибе жинақтайтын болады. Біліктіліктерін шыңдаған соң олар 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Астана» Халықаралық қаржы орталығындағы жұмыстарына кіріседі.

 

"Болашақ" бағдарламасы аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының 15 қызметкері бір жыл бойы «The City UK» корпорациясында, Гарвард және Нью-Йорк университеттерінде академиялық білім алады. Сондай-ақ, Еуропаның қайта құру және даму банкінде,  London Stock Exchange, Delloitte және өзге де қаржы ұйымдарында тәжірибе жинақтайтын болады.

 

ГҮЛШАРА ӘБДІҚАЛЫҚОВА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ: Бұл қаржы орталығынан үлкен үміт күтіліп отыр. Біріншіден, инвесторларды тарту, екіншіден жаңа нарық, қаржы ортаны құру мақсаты қойылып отыр. Елбасы қойған мақсаттардың барлығы орындалады деп сенемін.    

 

ЭЛЬНУРА АБАҚАНОВА, "БОЛАШАҚ" БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ СТИПЕНДИАТЫ: Бұл бағдарлама бізге өте керемет мүмкіншілік береді. Өйткені біз шетелдің ең үздік тәжірибесін үйреніп, кейін соны осы Қазақстанның «Астана» қаржы орталығын дамыту бойынша қоладанамыз және іске асырамыз. 

 

Сурет: rfcaratings.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер