Еліміздегі 200-ден астам мұражайдың ішінен ең озықтары және Қазақстанның үздік музей қызметкерлері марапатталды. Бұл туралы бүгінгі «Ең үздік музей» атты республикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты кеште белгілі болды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

 

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне арналған бұл байқау осыдан 2 ай бұрын басталған. Қыркүйектің басында еліміздің барлық музейлері бұл шараға қатысуға өтінім берді. Шара ҚРҰлттық музейінде өтті.

 

«Тәуелсіздікті алғаннан кейін еліміздің музейлері аяқтарынан нық тұрды. Елбасымыз осы Ұлттық музейге үлкен көңіл бөлді. Қазақстанның барлық өңірлеріндегі мұражайлар өз жұмысын жақсы жүргізіп келеді. Бірқатар мұражай жөндеуден өтіп, кейбіреуі жаңа ғимаратқа көшті. Жаңа жәдігерлермен толысты. Бұл байқау Қазақстан музейлерінің деңгейі өсіп келе жатқанының айғағы», - деп мәлімдеді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев.

 

10 адамнан тұрған әділ қазылар алқасының төрағасы ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай болды. Алқа мүшелері ішінде атақты ғалым, академик Жәкен Таймағанбетов және Асылхан Садуов сынды ел ағалары бар. Байқауға еліміздің барлық өңірлерінің мұражайлары мен үздік қызметкерлері қатысты. 2 айға созылған жарыс қорытындысы мынадай болды:

 

Үздік мемлекеттік музей (облыстық дәрежедегі) – Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі;
Үздік қорық-музейі – Шығыс Қазақстан облыстық сәулет этнографиялық және табиғи-ландшафтық музейі;
Үздік мемлекеттік музей (аудандық, қалалық дәрежедегі) – Жезқазған тарихи-археологиялық музейі;
Үздік музей қызметкері (облыстық дәрежедегі) – Ольга Тарлыкова;
Үздік музей қызметкері (қалалық, аудандық дәрежедегі) – Оксана Құсайынқызы;
Үздік қорық-музейі қызметкері – Райса Мұхамеджанова.

 

Жарыс жеңімпаздары мақтау қағазымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Ең үздік музей» байқауы жыл сайын өткізілетін дәстүрлі байқауға айналмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер