Жақында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толады. Ел егемендігін алып, тура бір айдан соң Біріккен Корольдікпен дипломатиялық әріптестік орнады. Бүгінде Қазақстан мен Ұлыбританияны жүздеген біріккен жобалар, миллиардтаған инвестициялар, Тұманды Альбионда оқып жатқан қазақстандық студенттер, дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері және елімізде еңбек етіп жатқан жүздеген британиялықтар байланыстырады.

 

Бұл - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританияға барған ресми сапарынан көріністер. Өткен жылдың қарашасында Елбасының Біріккен Корольдік басшыларымен екіжақты кездесулері өтті. Ісспарадың нәтижесінде 13 млрд АҚШ доллары тұратын ондаған құжатқа қол қойылды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет саласында өзара құқықтық қолдау көрсету және «Астана» халықаралық қаржы орталығына демеу беру мәселелері оңынан шешілді.

 

Кэролин БРАУН, ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Маңызды тарихи оқиға ретінде Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронның 2013-жылы болған Қазақстанға алғашқы ресми мемлекеттік сапарын атап өтуге болады. Біз президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевты өткен қарашада Лондонда үлкен құрметпен қабылдадық. Бұл екі ел арасындағы ерекше серпіннің бар екендігін көрсетеді.

 

Британиялық капиталдың қазақстандық экономиканы жаңғыртуға бағытталуының бірден-бір себебі инвесторларға тиімді жағдайлардың жасалуында. Бұл - еуропалық сарапшылардың пікірі.

 

Оливье ДЕКАМП, «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» АҚ ТӘУЕЛСІЗ ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстан бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге жол ашты. Елдің экономикалық менеджменті шетелдік инвесторларға түрлі жеңілдіктер жасау арқылы бизнес ахуалды оңтайландырып отыр. Қазақстандағы жекешелендіру бағдарламасы да шетелдік бизнес өкілдерін қызықтыратынына сенімім зор. Бұл мемлекет дамуындағы жаңа серпіліс деуге болады.

 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 1 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлыбритания Қазақстанға тікелей инвестиция бойынша алтыншы орында тұр. Тұманды Альбионнан құйылған қаржы көлемі 2005 жылдар аралығында 12 млрд долларды құраған. 

 

Ержан ҚАЗЫХАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Ұлыбритания Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі саналады. Британиялық сараптама, британиялық технологиялар, британиялық тәжірибе біз үшін үлкен қызығушылық туғызып отыр. Біз қазір екіжақты қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз.

 

Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдың қыркүйегінде Қытайда өткен G20 саммитінде Біріккен Корольдіктің жаңа үкімет басшысы Тереза Мэймен кездескені белгілі. Және Ұлыбританияның жаңа үкіметі елімізді аймақтағы сенімді стратегиялық серіктес ретінде бағалап отыр.

 

 

 

Сурет: prokuror.gov.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер