Біріккен ұлттар ұйымының Нью-Йорктегі штаб пәтерінде ұлттық тағамдар фестивалі өтті. Дәстүрлі шараға келген меймандар қазақтың даладай дархан дастарқанынан дәм татты. Испания, Түркия және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ұлттық тағамдары әлемге белгілі, бірақ қазақтың тәтті-дәмдісі де олардан кем түспейтіні анық.

 

Мириям КИАРИ /ТУНИС/:

Мен бүгін қазақтың ұлттық тағамынан дәм таттым. Өте ерекше және дәмді. Менің үстімдегі киімнің өзі сіздердің туларыңызға ұқсас. Біз Қазақстанды жақсы көреміз. Барша қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтаймын.

 

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун фестиваль қатысушыларының барлығын құттықтады. Әр ұлттың тағамынан дәм татқан мәртебелі мейман Қазақстан дастарқанына ерекше көңіл бөлді. Ұлттық нақышта киінген Аруана мен Азамат есімді бүлдіршіндермен тілдескен бас хатшы отандастарымыздың дайындығына жоғары баға берді.

 

Густаво МЕЦА-КУАДРА, ПЕРУДІҢ БҰҰ-ДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

Мен Қазақстанды бірнеше жетістігімен құттықтайын деп едім. Ең алдымен, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. Осы жылдар аралығында елдеріңіз айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне де мүшелікке өтті. Қазір Қазақстанның халықаралық деңгейде беделі жоғары. Бүгінгі фестивальдің өзінде де елдеріңіз алда болды.

 

Ұлттық тағаммен ғана емес, сондай-ақ ұлт болашағы – ұрпақтарымызды көрген шетелдіктердің Қазақстанға деген құрметі арта түсті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер