Қазақ елінің тағы бір халықаралық жобасы – 2017 жылы Астанада өтетін ЕХРО халықаралық мамандандырылған көрмесі. Атаулы шараны өткізуге дайындық жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Елордада халықаралық көрменің алғашқы нысандары пайдалануға берілді. Қытай, Франция, Германия, Венгрия мен Түркия елдерінің комиссарлары павильондарды қабылдап алды. Жақын арада тағы 10 мемлекетке бөлінген алаңдар беріледі. 

 

Ахметжан ЕСІМОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Мәселен, Миландағы көрмемен салыстыратын болсақ, онда әр ел өздерінің павильондарын өздері салды. Одан бұрынғы көрмелердің де ережесі солай болатын. Тіпті, кейбір қатысушылар шара өтіп жатқан кезде де құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатты. Ал біз алдын ала барлығын салып, дайындап отырмыз.

 

Малгожата ТУАРД, ФРАНЦИЯ КОМИССАРИАТЫНЫҢ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫС ДИРЕКТОРЫ:

Өте қызық. Шын мәнінде біз барлығы дәл осылай дайын болады деп күткен жоқпыз. Франциядан үлкен жобалар әкелінеді. Оның ішінде дені инновациялық жаңалықтарға толы.

 

Ең үлкен көрме бұрышын Германия алыпты. Немістер 1249 шаршы метр аумаққа үздік жобасын қояды. Жалпы, бүгінге дейін 482 мың шаршы метр аумақты алатын ең маңызды деген нысандардың құрылысы аяқталды. Оның ішінде көрме қызметкерлері үшін кеңсе, қуат көзін зерттейін орталық және ЭКСПО-қалашық бар. Ал көрмеге келген қонақтар дәл осы жерде тұрақтайтын болады. Бірақ құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Айналаға қарайтын болсақ, қала ішіндегі нағыз қалашыққа айналған. Жолдар төселген, арнайы жол ережелері бар. Мына тұрғын үйден 5 елдің өкілдері үшін пәтерлер де пайдалануға берілді.

 

Ғалымжан ҚАРЫМСАҚОВ, ЭКСПО-ҚАЛАШЫҚТЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Қазіргі уақытта бізде 40 пәтер дайын. 30 пайызы Gold класты. Қалғаны Silver кластан. Қараша айында 150 пәтер дайын болады. Желтоқсан айының кезінде қонақтар келе бастайды.

 

«Болашақ энергиясы» тақырыбын арқау еткен ЕХРО халықаралық мамандандырылған көрмесі Астана қаласында 2017 жылы маусым – қыркүйек айларының аралығында өтеді. Көрмеге 100 мемлекет, 10 халықаралық ұйым мен жетекші инновациялық технологиялар компаниялары қатысады деп жоспарланып отыр. ЕХРО-2017 көрмесін тамашалауға шамамен 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер