Қазақстанның Еуразия кеңістігінің кіндігінде, Ресей мен Қытай сияқты экономикасы дамыған ірі мемлекеттердің арасында орналасуы республиканың транзиттік әлеуетінің зор екенін көрсетеді. Сондай-ақ, бұл - еліміздің еуразиялық көлік дәліздерін құру жобаларына қатысуға мол мүмкіндіктер ашады. Бүгінде Қазақстан аумағымен Қытайдан Ресейге, одан ары Еуропаға жаңа бағыттарды ашу өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл дәстүрлі теңіз жолдарымен салыстырғанда, жүк тасымалына жұмсалатын уақытты 2 есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия кеңістігінің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тауар айналымын ұлғайтуға септігін тигізетінін бірнеше рет айтқаны белгілі.

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл бағыт Қазақстанның да, Ресейдің де аумағын басып өтеді. Контейнерлік пойыздардың жылдамдығы тәулігіне 1000 км-ге дейін ұлғайтылды, бұл бұрынғымен салыстырғанда 200 км-ге көп. Дәліздің бойымен инфрақұрылым салынып, логистика құрылуда. Жүк Ляньюньгань терминалында және Қытайдың басқа да қалаларында құралып, Қорғас құрғақ портында ауыстырып тиеледі де, одан ары Ресей аумағымен Еуропадағы жеткізу нүктесіне жеткізіледі.

 

Қазақстанда 2020 жылға дейін көлік инфрақұрылымына 12 триллион теңгеден аса инвестициялық қаржы тарту көзделіп отыр. Жібек жолын қайта жаңғырту еліміз үшін транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Мысалы, жақында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралінің құрылысы аяқталады. Аталған халықаралық трассаның транзиттік әлеуеті 24 миллиард долларға бағаланып отыр.

 

Тағы бір халықаралық жоба - «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі. Ресейдің теміржол желісіне шығатын Жаңаозен-Қызылқая-Берекет-Этрек-Гөрган теміржолының құрылысы туралы келісімге 2007 жылы қол қойылған. Бұл магистраль Қазақстанды Түркменстан және Иран елдерімен байланыстырады.

 

Асет АСАУБАЕВ, ҚР ИДМ КӨЛІК КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Өткізгіштік қабілеті - 10 млн тонна, ал магистраль іске қосылғалы 4 млн тонна жүк тасымалданған. Бүгінде қосымша жүк тарту үшін Түркменстан және Иран елдерімен уақытша төмен коэффициент қолдану бағытында жұмыс жүргізудеміз.

 

Еске салсақ, «Солтүстік-Оңтүстік» темір жолы, нақты айтсақ, оның Қазақстан-Түркменстан арасы 2013 жылы ашылған. Осы кезде Түркия да Иран-Түркменстан-Қазақстан көлік дәлізіне қосылуға ниет танытты. Осылайша, Қазақстан транзиттік-көліктік мүмкіндіктерін кеңейте отырып, ел дамуына оң ықпал етер тағы бір бағытты игеріп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер