Елімізде білім беру саласын жетілдіру үшін де әлемнің ең озық тәжірибелері пайдаланылуда. Бұған осы саладағы халықаралық ынтымақтастық жобалары да өз ықпалын тигізіп отыр. Мамандар үздік тәжірибенің өзін қолданыстағы жүйеге бейімдеп ендіру қажеттігін айтады. Назарбаев зияткерлік мектебі ұйытқы болған ғылыми конференция қатысушыларының ортақ пікірі осыған саяды. Халықаралық диалогқа 16 мемлекеттен 700-ге жуық делегат арнайы келген. Шетелдік сарапшылар Қазақстанның білім беру жүйесінде айтарлықтай ілгерілеушілік барын атап өтті. Қазір елімізде 127 мектеп үш тілде білім беруде, ал мыңнан астам оқу орны математика, жаратылыстану секілді пәндерді ағылшын тілінде өткізуді қолға алған. Бұл жағына келгенде,  Назарбаев зияткерлік мектептерінің аяқалысы жақсы деседі халықаралық мамандар. Биылдан еліміздің бірінші сынып оқушылары аталмыш білім ордасының сынағынан сүрінбеген оқу бағдарламасына көшірілді.

 

Күләш ШАМШИДИНОВА, «НЗМ» ААҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:

Елімізде биылғы жылы енгізіліп жатқан жаңа стандарттар жақсы енуі үшін, мұғалімдердің оны жақсы түсінуі үшін, жалпы педагог мамандармен ой бөлісу үшін шақырып отырмыз. Себебі трансляция жасауда үлкен жұмыс бар. Оны тек біз ғана түсінбеуіміз керек. Оны ең бірінші мұғалім түсінуі керек. Екіншіден айтатынымыз ата-ана түсінуі керек. Оны қоғам түсінуі керек.

 

Білім мазмұнының өзгеруі – заман талабы.  Алқалы жиында отандық білім жүйесіндегі тың бастамалар таныстырылды. Игі жобалардың бірі шетелдің озық үлгілері негізінде құрылыпты. Кембридж университетінің тәжірибесіне сай ұстаз білім қуған шәкірттерінің ой-өрісін кеңейту үшін алдымен өзі ғылыми зерттеулерге бой ұруы тиіс. Саладағы өзгерістер мен жаңалықтар бірден оқытушының қаперіне алынып, сараланғаны абзал. 

 

Джейн МАНН, БІЛІМ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ, КЕМБРИДЖ УНИВЕРСИТЕТІ:

Бұл бағдарламаның мақсаты - оқытушыларды жеке тәжірибелерін бағалауға машықтау.  Мәселен,  сабақ толықтай бейне немесе дыбыстық таспаға жазылады. Ұстаз көздеген нәтижесіне жеткен-жетпегенін білу үшін  түсірілген материалды қайта қарап шығуы тиіс. Осылайша, өз жұмысын саралап, оң тұстарын түртіп алады немесе жіберген олқылықтары табылып жатса, қайшылықтардың орнын толтырудың жолдарын іздейді.

 

Конференция аясында отандық білім беру жүйесін одан әрі дамыту мақсатында дәрістер оқылды. Бұл ретте шетелдік және қазақстандық сарапшылар өз ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар озық үлгідегі технологиялық жаңалықтардан құлағдар болып қана қоймай, іс жүзінде сынап көру мүмкіндігіне ие болды. Конференция соңында ең үздік баяндамалар іріктеліп, авторлары ерекше құрметке бөленді. Жаңа еңбектер арнайы электронды басылымдарда жарияланбақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер