Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы артып отыр. Еліміздегі жобаларға Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Оңтүстік Америка және Африка мемлекеттерінің компаниялары қатысуға дайын. Инвестициялық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге тұрақты негізде ұйымдастырылып тұратын кездесулер, инвестфорумдар өз септігін тигізуде. Мысалы, Атырау облысында өткен ауқымды шара аясында 9 меморандумға қол қойылып, отандық және шетелдік инвесторлар келісімшарт жасасты.     

 

Нұрлан НОҒАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Сегіз айдың қорытындысы бойынша Атырау облысына төрт миллиард долларға жуық инвестиция салынды. Оның 2,5 миллиарды шетелдік инвестициялар және бұл қарқын жылма-жыл өсіп келе жатыр.

 

Форумға бес жүзден астам компания өкілдері қатысып, 50 инвестициялық жоба ұсынды. Олардың арасында биоотын өндіретін зауыт, логистика орталығы, туристік кешен және т.б. жобалар бар.

 

Моджтаба ДАМИРЧИЛУ, ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

Қазақстан - экономикалық және инвестциялық ахуалы өте жоғары мемлекет. Біздің елмен арадағы экономикалық және саяси қарым-қатынастар жоғары деңгейде дамыған. Бұрыннан қолға алынған инвестициялық жобалар негізінде қазір екі ел арасында еркін сауда аймағын құру жоспарланып отыр. Бұл жобалар өзара қарым-қатынасымызды жақындата түседі деген сенімдемін.

 

Ал Астанада өткен Қазақстан мен Ресейдің 13-ші аймақаралық ынтымақтастық форумында кооперациялық жобаларды қолдау тетіктері жан-жақты талқыланды. Ресей - Қазақстанның басты сауда серіктесі. Биылғы жылдың 6 айында өзара сауда айналымы шамамен 5 жарым млн АҚШ долларын құрады.

 

Абылай МЫРЗАХМЕТОВ, "АТАМЕКЕН" ҚР ҰКП БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Бізге өзара сауда айналымы жөнінде нақты сандарға тоқталудың қажеті жоқ. Біз шикізаттық емес саладағы экспорт пен импорт, орта және шағын бизнесті дамыту мәселесін талқылауымыз қажет. Бұл - тиімділіктің негізгі көрсеткіштері. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. 

 

Маңғыстау облысында да инвесторлармен ынтымақтастық тығыз. Жақында өңірде Италия және Ресей кәсіпкерлерімен бірлесе қуаты 250 мегаватт бу-газ қондырғысының құрылысы қолға алынбақ. Инвесторлар жобаға 73 миллиард теңге қаржы құймақ. Сондай-ақ, жақында өткен инвестфорумда шетелдік компаниялар мұнай және газ, мұнай-сервис, көлік және логистика, туризм құрылыс, агроөнеркәсіп кешені және инфрақұрылым салаларындағы 25 жобаға қызығушылық танытты. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер